Қазақстанда екпеден бас тарту жиілеп барады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың вакцинадан бас тартуы фактілері жиілеп барады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің сауалына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен хабарлады. 

Жалпы, елімізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынысы бойынша халықтың тиісті мақсатта топтары екпемен қамтылған.
«Сонымен бірге соңғы 10 жылда екпеден бас тартудың жағдайлары артқандығы байқалды. Негізінен, діни көзқарас пен жеке пікірлер бойынша екпе жасамай отыр, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтерді теріс жағынан тарату жағдайлары ықпал етуде. Атап айтқанда, 2006 жылда бас тартқандар саны 1 мың болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 9 685-ке дейін жетті»,-делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен бірге, Денсаулық сақтау министрлігі 2016 жылы инфекциялық аурулардың алдын алу тұрғысында 2017-2019 жылдарға арналған халықты әлеуметтік жұмылдырудың ведомствоаралық жоспары бекітілгенін атап өтті.

Аталған жоспарда вакциналау мәселелері бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қамтылған. Сонымен қатар екпе жасау шараларын қауіпсіз өткізуде медициналық қызметкерлерді оқыту жұмыстары да ескерілген. Әрбір вакцинаны өндіруші екпені қолдану бойынша тиісті нұсқаманы бірге ұсынады, яғни онда препараттың жанама әсері де көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар