Қазақстанда допингтік даулар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет пен Парламент депутаттары допингтік жауапкершілікке қатысты заңнамамен бірлескен жұмыстарды бастамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды.

«Қазіргі кезде біз халықаралық тәжірибені зерттеп жатырмыз, себебі бұл мәселе пысықтауды қажет етеді. Жауапкершілік деңгейі бойынша бірінші кезекте бапкер, дәрігер және осы үдерісті үйлестіретін спорттық атқарушы жауапты. Жақын арада допинг саласына қатысты өзгерістерді Парламентке енгізбекпіз. Таяуда Австрияда біздің биатлоншыларға қатысты оқиға орын алған болатын. Онда тек дәрігердің техникалық кінәсі бар. Дәрігерге қатысты қандай шараны қолдана аламыз? Ол тек кешірім сұрады да, қызметінен кететіндігі туралы өтінім жазды. Ал осы жағдайда ықпал ету шаралары жоқ. Біз заң нормасын жазғаннан кейін, әрбірінің жауапкершілігі артады. Осы орайда, әкімшіліктен бастап, қылмыстық жауапкершілікке дейін барлық нормаларды қамтимыз», - деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин министрдің ұсынысына қолдау білдірді. «Бүгінде барша әлем допингтік істерге қатысты пікірді ашық байқатып отыр. Менің ойымша, бізге де заңнамалық кеңістікте тиісті жауап қайтаруымыз керек. Барлығын нақты көрсету керек. Біз бұл бағыттағы жұмыстарға дайынбыз. Арыстанбек Мұхамедиұлы, бұл үлкен жұмысты бірлесе бастайық», - деді Нығматулин.  

Соңғы жаңалықтар