Қазақстанда диабетке шалдыққандар саны ресми мәліметке қарағанда екі есе көп - зерттеу нәтижесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы ЭКСПО көрмесі аясында қант диабеті мәселелеріне арналған xалықаралық конференция ұйымдастырылды. 

Онда NOMAD атты екіжылдық зерттеудің нәтижесі жарияланды. Зерттеуге қарағанда, Қазақстанда қант диабетіне шалдыққан адамдардың саны екі есеге көп болып тұр. Алдағы уақытта осы санаттағы науқастар күрт артуы ықтимал, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зерттеу жобасының үйлестірушісі Найля Тоқтарованың айтуынша, қант диабетіне арналған алғашқы скринигтік бағдарламалардың мәліметтері дұрыс болмай шықты. Себебі осы ауруға шалдыққандардың көбісі тіркеуге тұрмаған. "Біз болсақ, қант диабетінің таралу көрсеткішін анықтауды көздедік. Осылайша, республика бойынша аталған көрсеткіштің 6,3 пайызды құрап отырғанын анықтадық. Ол ресми мәліметтерден екі есеге артық болып тұр. Демек, адамдар қант диабетімен ауырып жүрсе де, тіркеуге тұрмайды. Сосын диабетке шалдығуға жақын жүргендер аз емес. Олардың саны 38,6 пайызды құрайды. Бұл дегеніміз, алдағы 5-10 жылдың ішінде науқастардың саны күрт өседі. Сөйтіп, денсаулық сақтау саласына біраз шығындалуға тура келеді", - дейді Тоқтарова.

NOMAD аясындағы зерттеу шаралары төрт аймақта - Астана, Алматы, Қарағанды мен Шымкентте жүргізілді. Бұдан бөлек, осы қалаларға жақын ауылды жерлер де қамтылды. Зерттеуге барлығы 14,5 мың адам қатысты. Олар сынама тапсырып, диабеттің бар-жоғын тексеріп алуға мүмкіндік алды.

Айта кетейік , бүгінде әлем бойынша диабеттің салдарынан әрбір 20 секунд сайын бір адам ампутацияға ұшырайды. «Аталған проблема бізде де өте өзекті болып тұр. Қазақстанда соңғы он жылдың ішінде диабет ауруына шалдыққан адамдардың саны екі есеге өсті. Олардың басым бөлігі екінші типтегі диабетпен ауырады», - дейді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева. 

Соңғы жаңалықтар