Қазақстанда дәрігерлер тапшылығы бар ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметкерлермен қамтамасыз етілу жағдайын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Белгілі болғандай, қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесі шамамен 74,6 мың дәрігер мен 170,8 мың орта медициналық қызметкерлерді (барлық ведомстволарды қоса алғанда), соның ішінде ауылдық жерлерде 11,8 мың  дәрігер және 45,6 мың ОМҚ-ны қамтамасыз етеді.

«Соңғы 5 жылда медициналық қызметкерлер үшін қажеттілік 32 пайызға төмендегеніне қарамастан, денсаулық сақтау саласы әлі күнге дейін медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігінен зардап шегуде. Тапшылық 3116-ны (01.01.2017 жылғы ресми статистика мәліметтеріне сәйкес) құрады, оның жартысы  кадрлардың жылдық табиғи кетуі (дәрігерлер жалпы санының 2,6%) есебінен қалыптасты. Бос штаттық қызметкерлер бойынша ауылдағы тапшылық 616, ал қалада 2500-ді құрады», - делінген ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің «ҚазАқпаратқа» берген мәліметінде.

Қызметкерлердің жетіспеушілігі көбінесе Маңғыстау облысында (358), Қостанай облысында (308), Астана  қаласында (278), Солтүстік Қазақстан облысында (274), Қызылорда облысында (204) байқалды.

Атап айтқанда, бүгінде бұл кемшіліктерге қолда бар кадрларды тиімсіз пайдалану,  мейірбикенің рөлін бағаламау, сондай-ақ кадрлардың басқа да жоғары ақылы салаларға кетуге алып келетін төмен ынталандыру әсер етуде. Ресурстарды тиімсіз пайдалану аурухана деңгейінде медициналық кадрлардың артық болуына және алғашқы медициналық көмек көрсету  деңгейлерінде жетіспеушілікке әкеледі.

«Бұл саладағы проблемалар персоналды есепке алудың бірыңғай жүйесінің болмауына, штаттық нормативтердің ескіргені әрі жеткіліксіздігіне байланысты орын алуда», - делінген ведомство ақпаратында.

Соңғы жаңалықтар