Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы қалай реттеледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысынан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрі-дәрмек бағасын реттеу аясында жасалатын шаралар жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дәрілік заттардың бағасы мәселесі бойынша заң жобасын даярлап қойдық. Атап айтқанда, дәрі-дәрмек бағасын реттеу мен осы процестің ашықтығын қамтамасыз ету үшін уақыт қажет екенін белгілі. Алайда осы қыркүйекте мемлекеттік сатып алу бөлігінде бұйрыққа өзгерістер енгізуге ниеттіміз. Бұл тұрғыда анықталған проблемаларды ескере отырып, бағаның ары қарай қалыптасуына ықпал ететін боламыз»,-деді Біртанов.

Оның сөзіне қарағанда, екі жыл бұрын бағаны реттеуді жүргізу кезінде министрлік кәсіпкерлердің адалдығына сенім артқан, алайда олар бұл үмітті ақтамады.

«Анықталғандай, өндіруші компаниялар әр елге түрлі бағаны ұсынады. Мәселен, вакциналар бойынша бізге бір бағаны белгілесе, ТМД аясындағы басқа елге екі есеге арзан береді. Бұл компанияның дистрибуция саясаты және біз бұл жайында көбінесе біле бермейміз. Өз кезегінде компаниялар осы мүмкіндіктерін пайдаланып, бағаны екі-үш есеге арттырудан тайынбайды. Біз болсақ, өнімді алуға мәжбүрліміз, себебі өнім бағасын бірнеше тиынға төмендеткендер жеңімпаз атанып жатады. Кейіннен бағаның жоғары болғаны анықталады»,-деді Біртанов.

Бұл мәселе бойынша енді жалпы ұстаным өзгеріске ұшырап жатыр.

«Өндіруші компаниялармен тікелей келіссөздер жүргізе отырып, олардан зауыт бағасымен өнім аламыз. Біз аталған заң жобасы бойынша өндірушілермен талқылаулар жүргізудеміз және олар бұл тұрғыда түсіністік танытуда. Осындай қадамдар, халықаралық тәжірибе бар. Әрине, біздің фармацевтикалық бизнестің, дистрибьютерлердің, дәріханалардың тарапынан белгілі бір қарсылық бар, сондықтан бізге транспаренттілік пен ашықтық керек. Бұл халықтың мүддесі үшін жасалады»,-деді ол.

Фото:sputniknews.kz

Соңғы жаңалықтар