Қазақстанда цифрлық сауаттылықты арттырудың қадамдары баяндалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру жоспары жайында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр елімізде онлайн сауданы жетілдіру  мақсатында электрондық сауданы дамыту жөніндегі жол картасы бекітілгенін еске салып өтті. Жол картасының 17-ші тармағына сәйкес, ведомство жергілікті атқарушы органдармен бірлесе «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру шараларын қарастырғанын айтты.

«Осының нәтижесінде, аталған көрсеткішті (цифрлық сауаттылық деңгейін - авт.) 2022 жылға қарай 83 пайызға жеткізу, яғни 2017 жылғы көрсеткіштен 7,5 пайызға өсіру жоспарлануда. Сондай-ақ  «Цифрлық Қазақстан» аясында жергілікті атқарушы органдардың  оқытуды жүргізетін кәсіби кадрлары санын арттыру да қамтылған. Цифрлық білім бүгінгі күні барлық салада сұранысқа ие екенін ескеретін болсақ, халықтың осы бағыттағы білімін көтеру аса маңызды екені анық. Алайда жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес, ағымдағы жылы компьютерлік сауаттылыққа оқыту еліміздің тек 7 аймағында жүргізілген. Жалпы, 84 мың адам оқытылған. Жыл соңына дейін жоспарға сәйкес тағы 12 мың азамат білім алуы тиіс. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар оқытуды ескі бағдарлама бойынша жүргізетінін айта кеткен жөн. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама аясында жергілікті атқарушы органдар алдында адам капиталын дамыту бағыты бойынша халықты цифрлық білімнің базалық курсынан өткізу міндеті тұр», - деп түсіндірді министр.

Осы орайда Дәурен Абаев министрлік өз кезегінде осыны іске асыру жөнінде бірыңғай әдістеме әзірлеуді жоспарлап отырғанын атап өтті.

«Мұнымен қоса, біз статистикалық-есептік үшін әдістемелік ережеге цифрлық сауатылыққа анықтама беру және цифрлық сауаттылық дағдысын арнайы формасы негізінде анықтауға қатысты ұсыныс енгіздік.  Қазіргі уақытта бұйрық келісу үшін Әділет министрлігінде қаралуда», - деді ведомство басшысы. 

Жол картасының 19-шы тармағына қатысты министрлік 2018-2020 жылдарға жоспарланған «Қуатты Қазақстан» бірыңғай республикалық медиа-жоспарына өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Жоспардың аясында бұқаралық ақпарат құралдарын электрондық сауданы насихаттауға қатысты іс-шаралар қарастырылмақ. Жол картасының 24-ші тармағы бойынша тұрғындар арасында интернет желісін қолданушыларын арттыру жоспарына сай, министрлік сымды әрі сымсыз технологиялар арқылы инфрақұрылымға қол жетімділікті қамтамасыз етеді.

«Жоба бойынша 2021 жылға қарай 1 200-ге жуық ауылдық елді мекенді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған. Осының арқасында жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдарда 3 600 байланыс нүктесі қосылады. Жалпы, оптикалық-талшықты байланыс желілерін құру - интернет қолданушылар үлесін 2022 жылға қарай 82 пайызға жеткізе отырып, электрондық коммерцияны дамытуға серпін береді деп сенеміз», - деп түйіндеді сөзін министр.

Соңғы жаңалықтар