Қазақстанда биыл отбасындағы жанжал кезінде 26 әйел көз жұмды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша, 2016 жылдың 8 айында тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде 26 әйел көз жұмған.

Былтыр осындай себептермен 60-қа жуық нәзік жанды жантәсілім етіпті.

«Ағымдағы жылдың 8 айындағы статистикалық деректерге сәйкес, отбасы-тұрмыстық салада 26 әйел қаза тапқан. 2015 жылдың 12 айында - 58 әйел. Биылғы жылдың 8 айында 48 176 қылмыстық құқықтық бұзушылық тіркелген, ал 2015 жылдың 12 айында 65 325 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған», - деп жазады комитет «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына берген жауабында. 

2016 жылдың 6 айында республика соттары ҚР Қылмыстық Кодексінің 109-бабында (ұрып-соғу) көзделген қылмыстық құқықтық бұзушылықтарды жасағаны үшін заңды күшіне енген үкімдер бойынша 14 адам соттаған.

«2016 жылы ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабында (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру), 107-бабында (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру), 108-бабында (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін 1 333 адам сотталған», - делінген хатта. 

Бас прокуратураның мәліметтеріне жүгінсек, бүгінгі күні республикада 23 дағдарыс орталығы тіркелген, олардың 17-сінде баспана бар. Қолда бар мәліметтер бойынша, тек 2015 жылы дағдарыс орталықтарына 12 мыңнан астам әйел жүгінген, ішкі істер органдары қызметкерлері аталған орталықтарға 3,5 мың әйелді жіберген.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесін шешу аясында Бас прокуратура «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының жұмысын бастады, ол отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың, үйдегі зорлық-зомбылық құрбандарын анықтаудың стратегиясы мен тиімді механизмдерін әзірлеуге бағытталған. Қойылған мәндеттерді шешу үшін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу субъектілерінің өкілдерінен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған», - деп атап өтті комитеттен.  

Соңғы жаңалықтар