Қазақстанда биыл мемлекеттік қызметтің 187 түрі электронды форматқа ауыстырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда биыл мемлекеттік қызмет көрсетудің тағы 187 түрі электронды форматқа ауыстырылады. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«2017 жылы «Электронды үкімет» порталы бойынша азаматтарға 34 миллионға жуық қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, біз жасаған талдау нәтижесінде мемлекеттік қызметтерді көрсету кезіндегі бірнеше проблеманы анықтадық. Біріншісі - қызметтерді қағаз нұсқасында көрсетудің сақталуы. Әлі де жыл сайын 50 миллион астам мемлекеттік қызмет қағаз түрінде көрсетіледі. Екіншісі - қажетті анықтамалардың көптігі. Мемлекеттік органдарға және жеке ұйымдарға жыл сайын 26 миллионнан астам электронды анықтамалар ұсынылады. Келесі мәселе - бір қызметті алу үшін басқа да қызметті алудың қажеттілігі», - деді ол.

Мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы сонымен бірге Үкімет отырысында аталған мәселелерді шешудің жолдарын ұсынды.

«Енді оларды шешуге болатынын қарастырайық. Бұл жерде отырған Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен жұмыс жасап жатқан ведомстволық комиссияның қызметі маңызды. Мәселен, қыркүйек айынан бастап комиссияның отырысында 400-ден астам қызметтің түрі қарастырылды. 346 қызметтің түрі бірінші жартыжылдықтың аяғына дейін қарастырылатын болады. Тиісті шаралар жоспарлары мемлекеттік органдармен әзірленген», - дейді Оспанов.

Ол сонымен қатар, аталмыш комиссия қолданылатын маңызды қағидаларды атады.

«Біріншісі - «Digital by default», яғни қызметтерді тек электронды түрде көрсету. 2018 жылы 187 қызмет түрлері тек электронды түрде көрсетуге ауыстырылады. Мысал ретінде, электронды форматқа ауыстырылатын қызметті келтіруге болады. Ол ІІМ-мен бірлесе жасалған жоба - электронды тіркеу. Қазір бұл қызметті көрсету уақыты 2 сағатты құрайды. Агрегаттарды салыстыру үшін сонымен қатар міндетті түрде мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару қажет. Ал осы жылдың шілде айынан бастап ешқайда бармай-ақ, «Электронды Үкімет» порталында Смарт-келісім шарт жасап, тиісті төлемдерді төлеп, дайын құжаттарды барып алуға немесе Қазпошта арқылы үйге алдыртуға болады. Нәтижесінде, жыл сайынғы айналымнан 6,4 млн қағаз құжатты алып тастаймыз. Мемлекет пен азаматтар үшін жыл сайын 550 млн теңге үнемдейміз», - деді Абылайхан Оспанов.

Соңғы жаңалықтар