Қазақстанда білім беру депозиттері жүйесі жетілдірілмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасына Сенат пен Мәжіліс депутаттары бастамашы болды. Көзделген түзетулерді қабылдау, тиісті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, салымшыларды басым санатқа жатқызуды растауға уәкілеттілік берілген мемлекеттік органдардың тізбесін кеңейту. Бұл санатқа жататын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың салымдарында мемлекеттің 7 пайыздық жоғары сыйлықақысы құқықтарын толық іске асырады. Яғни, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушылардың тізбесіне ҚР БҒМ Балалардың құқығын қорғау комитетін енгізу ұсынылып отыр», - деп тоқталды заң жобасы бойынша баяндамасында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.

Екіншіден, тыйым салуларды және әртүрлі өндіріп алуларды болдырмау арқылы білім беру жинақтау салымдарындағы ақшалардың, оның ішінде мемлекет сыйлықақы мөлшерінің сақталуын қосымша заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету ескерілген.

Үшіншіден, мемлекеттік сыйлықақы түрінде есептелетін бюджет қаражатын тиімді пайдалану, сондай-ақ дұрыс емес мәліметтер анықталған жағдайларда бұрынғы кезеңдердегі артық есептелген мемлекеттің сыйлықақыларын бюджетке қайтару қадамы қамтылған.

 «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банктерге қойылатын облыс орталықтарында және Астана мен Алматы қалаларында банк филиалдарының болуы талабын алып тастау арқылы МБЖЖ-ге қатысушы банктердің санын көбейтуді көздейтін өзгерістер енігізілді. Бұл халықтың білім беру жинақтау салымын ашуына мүмікіндігін арттырады, қолайлы жағдай тудырады», - деді депутат.

Өз кезегінде сенатор Серік Бектұрғанов Қазақстанда студенттердің 76 пайызы жоғары және ЖОО-дан кейінгі білімді өздерінің қаржысына алатынын атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінде қаржылық ауыртпалық салдарынан студенттердің бір бөлігі оқудан шығарылып жатады. Дегенмен де білім беру салымдары есебінен оқитындардың үлесі әле де төмен деңгейде. МБЖЖ бағдарламасы іске қосылғалы 3,5 жылда 10,7 млрд теңгеге 17 мыңға жуық депозит ашылған, ал білім беру салымдары есебінен оқып жүргендер саны 277 студентті құрап отыр.

Осы орайда ол таныстырылған заң жобасы аясында жүйеге енгізіп отырған түзетулер тиісті оңтайлы қадамдарды қамтығандығын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар