Қазақстанда балалардың мешіт пен шіркеулерге баруына тыйым салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Заңнамада қарастырылып отырған түзетулер аясында балалар діни ғұрыптарға, мешіт пен шіркеуге тек ересектермен еріп бара алады. Ал жеке өздері баруға тыйым салынбақ. Бұл туралы бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ведомство өкіліне «балалар өздері жалғыз мешіт пен шіркеуге бара ала ма?» деген сауал қойылды.

«Бұл нормада міндетті түрде ересек адамдардың бірі баланың жанында болуы ескерілген. Нақтырақ айтқанда, ата-ананың бірі, кәмелетке толған жақын туыстары, яғни ағалары мен әпкелері, атасы мен әжесі, сондай-ақ заңды өкілдері болуы керек. Осы орайда міндетті талаптың бірі - ол ата-ананың бірі қарсы болмауы тиіс», - деп түсіндірді ол тілшілер сауалына жауап беру кезінде.

Б. Арынның сөзінше, бұл норма балаларды діни сипаттағы деструктивті ықпалдан қорғауға арналған.

Сонымен қатар, осы норма діни бірлестіктер жетекшілері үшін жауапкершілікті жүктеп отыр.

«Аталған талаптарсыз кәмелетке толмағандардың ғұрыптарға қатысуына жол бермеу бойынша олар тиісті шараларды қабылдауға міндетті болады», - деді вице-министр.

Осы орайда діни бірлестік заңнан үзіндіні іліп қою керек немесе уағыз айту кезінде қажетті ақпаратты беруі қажет.

Соңғы жаңалықтар