Қазақстанда балалардың құқығын қорғау бойынша стратегиялық құжат жасалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда балалардың құқығын қорғау мақсатында стратегиялық құжат жасалатын болды. Бұл туралы Елордада өткен коммуникациялық жобалаларға арналған жиында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, мәжілісмен Зағипа Балиева мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«БҰҰ Балалар құқығы жөніндегі комитеті бәрі тегіс қамтитын жаһандық құжат жасауды ұсынды. Менің депутаттық сауалыма жауап берген Үкімет бұл ұсынысты толық қолдап отыр. Біз, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар барлық халықаралық тәжірибелерді есепке ала отырып, жасөспірім балаларға байланысты стратегияны құруға кірісіп кеттік. Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік органдардың ұсыныс, пікірлері сараланып жатыр», - дейді Зағипа Балиева.

Мәжіліс депутаты аталған мәселе бойынша жуық арада жұмыс тобының алғашқы отырысы өткізілетінін жеткізді.

«Біз барлық мән-жай қамтылатын стратегиялық құжат әзірлеуге кірістік. Жоғарғы сот бұл бастаманы толығымен қолдап, біз балаларға келгенде әділ соттың болуына күш салудамыз. Сыналған халықаралық тәжірибе бар болғандықтан, Қазақстан соны ұстанады. Балалар сотқа шақырылмай, жоғары білікті психологтар олармен сауалнама жүргізеді. Жас жеткіншектерден тергеушілер, прокурорлар мен өзге де процесске қатысушылар жауап алмайтын болады. Олар тап болған күрделі жағдайды одан ары ушықтырмайтындай барлық шарттар жасалады», - деп түсіндірді Зағипа Балиева.

Еске сала кетсек, БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстанда балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алу жəне заңға тартылған балалардың мəселелерін шешу үшін екі коммуникациялық науқанды бастады. Коммуникациялық жобалар бала тəрбиесі мəселесінде қоғам мен ата-аналардың тəжірибесіндегі əдіс-амалдарды, жайсыз əлеуметтік нормаларды өзгертуге бағытталған.

Бірінші коммуникациялық науқан жас ата-аналардың, сондай-ақ осы мəселеге келгенде зорлық-зомбылыққа жол бермеу амалы бойынша қоғамның білім-білігін арттыруды көздейді. Ал екінші науқан заңға тартылған балалардың құқығын қорғауға бағытталған. Коммуникациялық науқан Қазақстанның алты облысында, атап айтқанда Астана мен Алматы қалаларында, ШҚО, ОҚО, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында басталады.

Соңғы жаңалықтар