Қазақстанда балаларды қандай мәселелер алаңдатады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Sange зерттеу орталығы» қоғамдық қоры Қазақстандағы балалардың құқықтарын қорғау жағдайына жүргізген тәуелсіз сараптама нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Республика бойынша жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға 2577 бала қатысқан және олардың 7%-ы соңғы бір жылда өз құқықтары бұзылу жағдайы болды деп есептейді.

Атап айтқанда, олар сапалы медициналық қызмет көрсету, қоршаған ортаның тазалығы, еңбек, өзіндік пікір, зорлық-зомбылықтан қорғау, бос уақыт пен демалумен байланысты құқықтарының сақталмайтынын жеткізген.

«Балалардың көпшілігі 14 жастан кейін жұмыс істеуге рұқсат берілмейтінін жеткізген. Әсіресе, бұл туралы ауыл балалары мен тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балалар жиі айтады», - деді «Sange зерттеу орталығы» ҚҚ сарапшысы Айнагүл Шәріпбаева Астанада өткен дөңгелек үстелде.

Айта кетейік, ҚР Еңбек кодексінің 181-ші бабында он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер үшін жұмыс уақытының ұзақтығы көрсетілген. 14 жастан 16 жасқа дейінгі балалар ата-ана келісімімен аптасына 24 сағат қана жұмыс істеуі тиіс. 16 жастан 18 жасқа дейінгі қызметкерлердің жұмыс уақыты аптасына 36 сағаттан аспауы керек.

Сарапшының айтуынша, кейбір өңірлердегі балалар өздерінің таза қоршаған ортада өмір сүру құқықтары бұзылып жатыр деген пікірде.

«Қазақстанның батыс бөлігіндегі мұнайлы өлкелер мен Шығыс Қазақстан облысының балалары «таза ауа жоқ, зиянды ауамен тыныс алып жүрміз» деп жауап берген», - деп түсіндірді А.Шәріпбаева.

Сонымен бірге, балалардың көпшілігі сөз бостандығының жоқтығын және өз пікірлерін жеткізе алмайтындарын білдірген.

«Бізге ешкім құлақ аспайды, мектепте оқу озаттарының ғана пікірі ескеріледі, сөз еркіндігі жоқ», деген жауаптарды оқыдық. Мектеп жүктемесінің көптігінен балалардың «Бос уақыт пен демалыс құқығы» да бұзылып жатыр», - дейді А.Шәріпбаева.

Одан бөлек, сауалнама арқылы орта сынып балалары мектепте бұзақылар көптігін, балағат сөздердің көп айтылатынын, тұрмысының нашарлығынан немесе көріксіздігінен сыныптастарынан түрлі жәбір көретіндерін жеткізген.

Соңғы жаңалықтар