Қазақстанда балалар арасындағы вирусты гепатит деңгейі төмендеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 25 жылда Қазақстан Республикасында балалар арасындағы вирусты гепатиттермен ауыру деңгейі 1284 есеге азайған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің әлеуметтік маңызды аурулар кезінде медициналық көмек көрсету басқармасының басшысы Гүлнар Сәрсенбаева мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бүгін Қазақстанда Бүкіләлемдік гепатитпен күрес күні аталып өтуде. Вирусты гепатиттер еңбекке қабілетті, жас тұрғындарда жиі кездеседі. Аурудың алдын алу, диагностика және емдеу мәселелері Денсаулық сақтауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған. «В» вирустық гепатитінің алдын алу үшін 1998 жылдан бастап, Қазақстанда жаңа туған сәбилерді және медициналық қызметкерлерді вакцинациялау жұмыстары жүргізіліп келеді. Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде соңғы 25 жылда вирустық гепатитпен ауыру деңгейі балалар арасында 1284 есеге, ересектер арасында - 31,5 есеге азайды», - деп атап өтті Гүлнар Сәрсенбаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, вакцинация жүргізу, судың сапасын жақсарту және гепатиттің алдын алу туралы түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде «А» вирусты гепатитімен ауыру деңгейі де 308,5 есеге төмендеген.

Министрлік өкілінің хабарлауынша, Қазақстанда «В» және «С» гепатиттерімен ауыратын 42 мың науқас тізімде тұр. Бұл пациенттерге мемлекет тегін медициналық көмек көрсетеді. 2011 жылдан бері 60 мыңнан астам науқас «В» және «С» гепатиттерінен емделген. Денсаулық сақтау министрлігі вирусқа қарсы заманауи препараттарды тіркеу, заңнаманы жетілдіру, вирусты гепатиттерді емдеудің клиникалық хаттамасын жаңарту сынды жұмыстарды атқарды.

Сонымен бірге, Астанада «Есіл» ауданы әкімшілігінің аумағында «University medical center» копоративті қоры мен Ұлттық онкология мен трансплантология ғылыми орталығының мамандары әлеуметтік аз қамтылған топтар арасында «В» және «С» гепатитіне скрининг-тест, ішкі құрылыс мүшелерін ультрадыбыстық тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар