Қазақстанда ауасы ең қатты ластанған қалалар белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР  Энергетика министрлігі «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны 2016 жылғы экологиялық мониторингтің қорытындысын шығарды.

Бір жыл ішінде 46 елді мекенде мониторинг жүргізілді, олардың 27 елді мекені ластанудың төменгі деңгейіне, 10 елді мекен ауа ластану деңгейінің көтеріңкі класына және 9 елді мекен жоғары деңгей класына жатқызылды.

Ластанудың жоғары деңгейдегі қалалары: Алматы, Астана, Ақтөбе, Балқаш, Жезқазған, Теміртау, Қарағанды, Шымкент және Ақай ауылы.

Ластанудың көтеріңкі деңгейіндегі қалалар: Жаңатас, Өскемен, Риддер, Қызылорда, Тараз, Семей, Шу, Петропавл және Глубокое, Бейнеу елді мекендері;

Ластанудың төменгі деңгейіндегі қалалар: Түркістан Талдықорған, Степногорск, Ақсай, Көкшетау, Құлсары, Саран, Кентау, Ақсу, Жаңаөзен, Зырян, Рудный, Екібастұз, Қостанай, Павлодар, Орал, Ақтау, Атырау, Қаратау және Березовка, Январцево, Қордай, Төретам, Қарабалық елді мекендері мен Щучинск-Бурабай курорттық аймағы.

Атмосфералық ауа жай-күйіне бақылау республиканың ірі қалалары мен өнеркәсіп орталықтарында жүргізіледі. Қазіргі уақытта атмосфералық ауа жай-күйіне бақылау 46 елді мекендегі  140 бақылау бекетінде,  соның ішінде 56 сынамаларды қолмен іріктеу бекетінде және 84 автоматты бекетте жүргізіледі. Сондай-ақ, бақылау 14 жылжымалы зертхананың көмегімен жүзеге асырылады.

2015 жылмен салыстырғанда  атмосфералық ауа ластануының деңгейі Ақсай, Екібастұз, Степногорск, Риддер және Өскемен қалаларында төмендеген, оң динамика бар.

Ақтөбе, Астана, Балқаш, Петропавл, Шу, Қызылорда, Жаңатас және Ақай ауылында атмосфералық ауа ластануының деңгейі 2015 жылмен салыстырғанда өсті.

Басқа елді мекендерде  ластану деңгейі 2015 жылғы деңгейде қалды.

Соңғы жаңалықтар