Қазақстанда Амур жолбарыстарын өсіру: Ет сатып алуға шығын шықпайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірнеше жылдан кейін Іле-Балқаш резерватына жіберілгелі отырған жолбарыстың азығы үшін ет сатып алуға бюджеттен ешқандай шығын шықпайды. Қазақстан даласында жолбарыстарды өсіру бойынша «ҚазАқпарат» ХАА-ның ресми сауал хатына жауап берген ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен осындай жауап келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еске сала кетсек, өткен айдың басында Парламент Мәжілісінің депутаттары Іле-Балқаш резерватында Амур жолбарыстарын өсіруге байланысты өз алаңдаушылықтарын білдірген болатын. Нақтырақ айтқанда, мәжілісмендер «Күніне 5-6 келі ет жейтін жолбарысты асырау бізге тиімді ме?» деген мәселе көтерген еді.

«БАҚ арқылы 200 Амур жолбарысын Іле-Балқашқа жіберіледі деген ақпаратты оқып жатырмыз. Оған біз қаншалықты мұқтажбыз? Қаншалықты бұл халқымызға немесе табиғатымызға керек? Ол жіберетін аймақта тұрып жатқан халық бар. Ол елдің шаруашылығы да жоқ емес. Әлбетте, жолбарыстың жіберілуі туризмді дамытуға серпін беретін шығар, дегенмен жолбарысты асырауға кететін қаражат  аз емес деп ойлаймын. Ресейдегі бір мәліметке қарасақ, бір кірпіні асырауға 83 теңге кетеді екен. Есектің күндік күтім бағасы 85 теңге. Жолбарыстың күнделікті жейтін 5-6 келі етін біздің отбасылар бір айда жей ме, жемей ме? Жолбарыс өсіру бізге қаншалықты қажет?», - деген еді мәжілісмен Ержан Құдайберген.

 «2017 жылдың 8 қыркүйегінде Қазақстан Республикасында жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жолбарысты қайта жерсіндіру бойынша жұмыстар кешенді, ұзақ мерзімді сипатқа ие екенін атап өту қажет», - деп хабарлайды редакцияның ресми сауалына жауап берген ведомстводан.

Комитет келтірген мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта жолбарысты қайта жерсіндіру бойынша іс-шараларды іске асыру мақсатында Қазақстан тарапы Ресейдің Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) бірлесіп, жолбарыстарды қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бірінші кезектегі іс-шараларды жасауда. Нақтырақ айтқанда, тоғайлы жайылма ормандарды және жабайы тұяқты жануарлардың санын қалпына келтіру, табиғатты қорғау, жергілікті халыққа қолдау көрсету, ағартушылық қызмет және тағы басқа іс-шаралар кешені қолға алынып жатыр.

«Жақын арада Іле-Балқаш өңіріне жолбарыстарды әкелу және жіберу туралы мәселе іс-жүзінде қойылып отырған жоқ. Бұл орайда жоспарда көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталған қаражатты Ресейдің Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) бөледі деп жоспарланып отыр. Іле-Балқаш резерватының жалпы ауданы 415,7 мың га аумақты құрайды. Бұл аумақта елдімекендер жоқ. Ең бірінші кезекте, жолбарыстың бұрынғы мекендеу орындарын және оның азықтану базасын толық қалпына келтіру жоспарланған. Ал бұл жұмыс өте ұзақ уақытты алады», - делінген жауап хатта.

Комитеттен сонымен бірге, Іле-Балқаш резерватында жолбарыстың жоспарланатын саны оның мекендеуі үшін жасалған жағдайларға тікелей байланысты екенін хабарлайды. Сондықтан, бастапқы кезеңдерде резерватқа қанша жолбарыстың жіберілетінін дөп басып айту мүмкін емес.

«Жолбарыстардың негізгі қорегі тұяқты жануарлар болып табылады. Осыған байланысты жоғарыда көрсетілген жоспарда жабайы тұяқты жануарлардың санын қалпына келтіру бойынша бірқатар іс-шаралар қарастырылған. Бұл ет өнімдерін сатып алуға шығын жұмсалмайтынын білдіреді», - делінген ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жауап хатында.

Соңғы жаңалықтар