Қазақстанда алғаш рет «электронды қылмыстық іс» қаралды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының Абай аудандық сотына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес айыпталған сотталушы А.-ға қатысты қылмыстық іс электронды нысанда келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Іс материалдарына сүйенсек, сотталушы А. 2017 жылғы 20 желтоқсанда сағат 16-00-дер шамасында бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында жәбірленушінің үйіне кіріп, құны 30 000 теңге тұратын жылытқышты ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған.

Басты сот талқылауы барысында тараптар татуласты.

Сот жәбірленушімен татуласып, залалдың орнын толтыруына байланысты А.-ны қылмыстық жауаптылықтан босатты. Қылмыстық іс жүргізу тоқтатылды.

Қылмыстық істі электронды нысанда жүргізу тергеу мерзімін қысқартып, материалдарды бұрмалау ықтималдығын азайтып, іс құжаттарына онлайн режимде қол жеткізу мүмкіндігін арттырып, дәлелдерді жинау және процестік құжаттарды дайындау рәсімін жеңілдетеді.

Еске сала кетейік, 2017 жылғы 21 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне қылмыстық сот ісін қағаз және электронды түрде жүргізуге мүмкіндік беретін «Қылмыстық сот ісін жүргізу форматы» атты 42-1-бап енгізілді.

Соңғы жаңалықтар