Қазақстанда әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі өзгертілмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бизнестің, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтардың қатысуы есебінен әлеуметтік қызмет көрсетуді жаңғырту жоспарланып отыр. 

 Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құжат әлеуметтік қызмет көрсетуге мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, сонымен қатар жеке сектордың, ҮЕҰ, ел тұрғындарының бірдей қатысуын қамтамасыз ету жолымен әлеуметтік қызмет көрсетуді жаңғыртуды қарастырады», - деп тоқталды Н. Әлтаев.

Белгілі болғандай, заң жобасында «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын адамдар санаттарын нақтылау, сондай-ақ Әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдарды төлеу тәртібін әрі мөлшерлерін нақтылау және басқа да түзетулер көзделген.

Бөлек түзетулермен міндетті әлеуметтік сақтандырудың негізгі институттарының қызметтері белгіленеді, осы орайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынының құқығы мен міндеттерін кеңейту ұсынылған.

Мұнымен қоса, «Қайырымдылық туралы» Заңына туған жерді қолдау үшін қайырымдылық жасау  тәртібін реттейтін түзетулер енгізу жолымен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру ескерілген.

Сонымен қатар ауылда жұмыс істейтін әлеуметтік сала мамандары үшін отын сатып алуға әрі коммуналдық қызметтерді төлеуге қолдау жасау туралы бірқатар заңнамада нормаларды үйлестіру шаралары ұсынылады.

 Бұдан бөлек, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін әлеуметтік қорғау шараларын күшейту жоспарланған. «Сыртқы барлау туралы» және «ҚР Арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңдарына сыртқы барлау қызметі қызметкерлерінің жеңілдікпен есептеуге жататын қызметі кезеңін, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері қатарындағы зейнеткерлерді жерлеуге арналған біржолғы төлемнің мөлшерлерін нақтылайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.

Жалпы, заң жобасымен 16 заңнамалық актіге, оның ішінде Қазақстан Республикасының 3 кодексіне түзетулер енгізу жоспарланған.

«Заң жобасын іске асыруға қажетті шығыстар 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетте мынадай сомада көзделген: 2018 жылға - 32 млрд теңге; 2019 жылға - 30,8 млрд теңге; 2020 жылға - 29,6 млрд теңге. Заң жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық әрі құқықтық теріс салдарға алып келмейді», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар