Қазақстанда агроөнімдерді өңдейтін 30 зауыт салынады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен оңтүстік өңірлердің әкімдерінің, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов, сондай-ақ аргобизнес саласының өкілдерінің қатысуымен өткен жиында 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Қазақстанда агроөнімдерді өңдеу жол картасы бойынша 17 зауытты жаңғыртып, одан бөлек 30 жаңа зауыт салу қарастырылған. Сондай-ақ, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында аграрлық өнімдерді қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу көзделген. Олар сүт өңдеу, қант, ет өңдеу, май шайқау, тері өңдеу, бидайды терең өңдеу зауыттары болмақ.

Жалпы алғанда, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрінің айтуынша, Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында өсім - 2,1%. Әуелде 326 кооператив құру жоспарланғанымен, 745 кооператив құрылған. Олар 56 мың шеке шаруашылықтың басын қосып отыр.

Биыл жүргізілген ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары сұранысқа ие дақылдардың алқабын 1 млн 348 мың га-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Осылайша бастырылған дәнді-дақылдар көлемі 2,7%-ға өсіп, 22,1 млн тоннаны құрады.
44 мың тоннадан астам сүт және 13 мың тоннадан астам ет дайындалған, бұл биылғы кәсіпорындардың сүт өңдеу бойынша жүктемесін 60-тан 65%-ға дейін, етті 55-тен 60%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, барлық оңтүстік өңірлерде мал шаруашылығы өнімі өндірісінің өсімі байқалады. Бүгінгі таңда 10,4 мың тонна ет, 34,5 мың тонна сүт және 12,3 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдері дайындалған. 10 айда оңтүстік өңірлер бойынша негізгі азық-түлік өнімдерінің өндіріс көлемі 0,7%-дан 200%-ға дейін артқан.

Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында жүр.

Бұған дейін Үкімет басшысы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мүшелерімен кездесу өткізіп, Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған, «Бизнестің жол картасы 2020», индустриялық аймақтар мен моноқалаларды дамыту бағдарламаларын іске асыру мәселелерін талқылаған болатын. 

 

Соңғы жаңалықтар