Қазақстанда 7 Duty Free маркеті ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жақында ашылған «Халық маркасы» сауда орталығы қазақстандық тауарлармен толығып келеді. Бір жерге топтасқан бірыңғай ұлттық брендті тұтынушылардың қатары күн санап артып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Халық маркасы» Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Римма Тәжібаева мәлім етті.

Ол сөзінде отандық өнімнің қазіргі уақытта қарқынды дамып жатқанын айтты.

«Ашылғанына бірер ай ғана болған бұл сауда алаңындағы тауарлардың барлығы отандық өндірушілердің қолынан шыққан. Шетелдік өнімдермен терезесі тең түспесе кем түспейді. Тауарлар сапалы, әрі қолжетімді. Made in KZ белгісі бар ұлттық бренд бүгінде сауда нарығында ойып тұрып, өз орнын алуда», - деді Тәжібаева.

Оның айтуынша, кеше ғана жастанған жастықтан, жайғасқан жиһазға дейін шекараның ар жағынан жеткізілетін.

«Бүгінгі жағдай бөлек. Қазақстандық кәсіпкерлер сұранысты саралап, ұсынысты қабылдап, тұтынушыға сапасы жоғары қол жетімді бағамен өз өнімін беруге әзір екенін дәлелдеп отыр», -деп жалғастырды сөзін Тәжібаева.

Отандық өнімнің басын қосқан алаңның артықшылығы, сатушылар орынды жалға алу үшін ақы төлемейді. Тауарын тегін қояды. Қазіргі таңда тауар айналым көлемі 30 миллионнан астам. Бүгінге дейін бұл павильонда 100 шақты компания өз орнын алып үлгерді. 10 мыңнан астам отандық тауардың үлгісі бар. Алдағы уақытта 500 брендті тауар орналастыру жоспарда бар. Сонда павильон 100 000 астам отандық тауармен толығады.

«Қазір біз «ЭКСПО-2017» қарсаңында қаланың туристік картасына ендік. Өйткені келуші қонақтардың бәрі, соның ішінде шетелдік азаматтар қазақстандық өнімді іздейтін болады. Аталмыш картаға тек отандық өнімдер сататын сауда орындары енеді. Оған дейін 7 Duty Free маркеті ашылады»,- деп баяндады Р.Тәжібаева.

Оның айтуынша, «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай, ұлттық брендтерді басқару агенттігінің «Халық маркасы» 100 брендті жасау бойынша жоба іске асады. Оған атақты әртістер, спортсмендер және депутаттар қатысады деп жоспарлануда. Жаңа 100 қазақстандық бренд мынадай топтар бойынша ашылмақ: азық-түлік, жиһаз, үйге арналған жабдықтар, аяқ-киім, киім-кешек және т.б.

Сондай-ақ, шара барысында Маңғыстау облысының қолдауымен, екі дүркін Олимпиаданың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовтің құрметіне «ZIBROO FOR АDOKA» балалар спорттық киімдерінің тұсаукесер-таныстыру рәсімі өтті. Бұл бренд - «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендтерді басқару агентігінің алғашқысы. Қазірдің өзінде 15 000 дана спорт киіміне тапсырыс түсіп отыр.

Соңғы жаңалықтар