Қазақстанда 100 мыңнан астам студент жатақханадағы орынға мұқтаж

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 101 мыңға жуық студент жатақханадағы орынға зәру. Бұл туралы ОКҚ-да ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (KAZISS) әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірі - студенттерге арналған жатақхана мәселесіне тоқталғым келеді. Жалпы, айта кетерлігі, студенттердің жатақханада орын алу мәселесі көптеген мемлекеттердің күн тәртібінде тұр. Дамыған мемлекеттердің өзінде де бар. Жай ғана статистикамен бөліссем: бүгін де Берлин қаласында 150 мыңға жуық студенттің 9,5 мыңына ғана жатақханадан орын беріледі. Сол секілді Канададағы студенттердің де 2/3 бөлігі ғана жатақханадағы орынмен қамтамасыз етілген. Прага қаласында 151 мың студенттің бестен біріне ғана жатақханадан орын беріледі», - деді Президенттің бес әлеуметтік бастамасы талқыланған баспасөз мәслихатында Алуа Жолдыбалина.

Phd доктор шетелдегі статистиканы келтіре келе, еліміздегі жағдай туралы айтты.

«Қазақстанда 470 мың студент бар. Олардың ішінде ауылдан, ауданнан немесе басқа қалалардан келген студенттердің саны шамамен 204 мың.  Яғни, бір сөзбен 204 мың студент елімізде жатақханада тұру керек. Бірақ осы студенттердің ішінде жатақханадағы орынға мұқтаж адамдардың саны 101 мыңға жуық. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстандағы 101 мыңға жуық студент жатақханадағы орынға мұқтаж», - деді ол.

Алуа Жолдыбалина сонымен қатар, жатақханадағы орынға мұқтаждық тұрғысынан аймақтық көрсеткіштерді келтірді.

«Жатақханадағы орын тапшылығы көп жағдайда Алматы (шамамен 22 мың студент жатақханаға зәру), Астана қаласында (7700), сонымен бірге бұл мәселе Қарағандыға да тән. Бірақ бұл жерде ескере кетерлігі, бұл ЖОО-ларға қатысты сандар. Егер колледж деңгейінде алар болсақ, онда тегін кәсіптік-техникалық білім беру аясында көптеген колледждердегі студенттердің де саны өсіп келеді. Бүгін де жатақханадағы орын тапшылығы әсіресе Маңғыстау облысында байқалады. Аталған бағытта студенттерді жатақханамен қамтамасыз етудің жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысы» - дейді Алуа Жолдыбалин.

Соңғы жаңалықтар