Қазақстанда 1 жасқа дейінгі сәбиге 10 екпе салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бала дүниеге келгеннен 1 жасқа дейін 10 екпе салынады.

Бұл жайында ҚазАқпараттың ресми сауалына орай еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті.

«Қазақстанда бала дүние келгеннен 1 жасқа толғанға дейін 10 екпе салынады. Оның екеуі - туберкулез бен «В» вирустық гепатитіне қарсы екпе бала дүниеге келген алғашқы 4 күнде егіледі. Қалған 8-і Алдын ала екпе жасау ұлттық күнтізбесіне сәйкес 2, 3, 4 және 12-15 айлық кезінде көкжөтел, дифтерия, сіреспе, b үлгісіндегі гемофильді инфекция, полиомиелит, пневмококк инфекциясы, паротит, қызылша, «В» вирустық гепатитіне қарсы салынады»,-  делінген  хабарламада.

Министрлік ақпаратына сәйкес, Қазақстандағы алдын ала екпе жасау ұлттық күнтізбесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сай келеді және Австрия, Израиль, Бельгия, Германия, Түркия, Жапония сынды дамыған елдердің иммундау кестесіне ұқсас.

Мәселен, Германияда бала бір жасқа дейін - 10 , Францияда - 14, Австрияда - 12, Бельгияда 8 екпе алады.

Сондай-ақ министрлік Қазақстандағы Алдын ала екпе жасау ұлттық күнтізбесіне өзгерістер енізу жоспарланып отырмағандығын хабарлады.

«Алдын ала екпе жасау ұлттық күнтізбесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына және дамыған елдердің басым бөлігінің иммундау кестесіне сай келеді»,-  делінген ақпаратта. 

Соңғы жаңалықтар