Қазақстан жыл басынан бері 7 млн. тоннаға жуық астық экспорттады - Исаева

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ағымдағы жылдың басынан бері шамамен 7 млн. тонна астықты экспортқа шығарды. Бұл туралы бүгін Қазақстандағы астық нарығының ашықтығын арттыру жөніндегі конференцияда еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы біз мол өнім алып, 23,7 млн. тонна астық бастырдық. Өнімділік гектарына 15,4 центнерді құрады. Бұл соңғы жылдардағы рекордтық түсім болып отыр. Өңделгеннен кейінгі таза салмақтағы астықтың өндірілген көлемі 21,7 млн тонна деңгейінде болады деп болжануда», - деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, бұл көлем ішкі сұранысты толықтай қанағаттандырумен қатар, 9 млн тоннаға дейінгі астықты экспортқа шығаруға да мүмкіндік береді.

«Осы жылдың басынан бері 10 қарашадағы мәліметтерге сәйкес астыққа балама ұнды қоса алғанда, шамамен 7 млн. тонна астық экспортқа жөнелтілді. Ал бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, шамамен 21 пайызға артық. Жалпы, қазақстандық астық пен ұн экспортқа шығарылатын дәстүрлі нарықтардың қатарында Орта Азия елдері, Ауғанстан, Иран, Әзербайжан мемлекеттері бар. Сонымен бірге біз Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Еуропалық одақ елдері мен Қытайға  да астық жеткізу көлемін ұлғайтуға ниеттіміз», - деді Исаева.

Соңғы жаңалықтар