Қазақстан жұмыссыздық деңгейінің артуына жол бермеуге әрекет етуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы іске асырылған уақыттан бері, яғни 2011 жылдан 2016 жыл аралығында мемлекеттік қолдау шаралары 744 мыңнан астам адамға көрсетілді. Оның ішінде 563 мың адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасты. Осы жылдың 9 айында бағдарламаға 146 мыңнан астам адам тартылған екен.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, өткен бес жылдың ішінде бағдарлама аясында атқарылған шаралар еңбек нарығындағы сандық әрі сапалық мәндегі негізгі көрсеткіштердің оң қарқынына өз үлесін қосты деп айтуымызға болады. 2010-2015 жылдары статистикалық мәліметтерге қарайтын болсақ, жұмыспен қамтылған азаматтардың жалпы саны елімізде 6,3 пайызға, ал мекемелерде жұмыс істейтін жалдамалы қызметкерлердің, яғни еңбек шартымен қызмет істейтін қызметкерлердің саны 17 пайызға көбейді.

Жалпы, ағымдағы жылы 9 мыңнан астам шағын несиелерді бөлу ескерілген және оны алатындар ауылдық жерлерде қосымша 12 мыңға жуық жұмыс орындарын құратын болады. Атап айтқанда, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау жасалмаған жағдайда халықтың жұмыссыздық деңгейі бүгінде 5,8 пайызға жетуі ықтимал еді. 

Әлемдік экономикада орын алған жағдайға байланысты және қызметкерлерді жұмыстан босату қаупіне қарамастан, мемлекет қабылдап отырған шаралар Қазақстанда жұмыссыздық көрсеткішін 5%-дық көрсеткіште ұстап отыруға мүмкіндік беруде.

Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын халық арасында насихаттау бойынша белсенді іс-шаралар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Оның қатарында бірнеше ауқымды шаралар бар. Министрлік мәліметінше, жастар арасында еліміздің экономикалық сұраныстарына сай жұмысшы кәсіптер мен кәсіптік білім берудің беделі мен танымалдылығын арттыру мақсатында ағымдағы жылғы сәуір айынан бастап қыркүйек айына дейін жұмысшы мамандықтардың «Worldskills Kazakhstan» ұлттық және өңірлік чемпионаттары өткізілді. Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 700-ден астам қатысушылар мейрамханалық сервис, кондитер ісі, шаштараз ісі, желілік және жүйелік әкімшілендіру, веб-дизайн, мехатроника, құрғақ құрылыс және сылақшылар  жұмысы, кірпіш қалау, дәнекерлеу жұмыстары, безендіру жұмыстары, мектепке дейінгі тәрбие, киім дизайні, электр монтаждық жұмыс салалары бойынша үздік атану үшін байқауға қатысады.

Атап айтқанда, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын халық арасында насихаттау және Еңбек адамының беделін арттыру мақсатында 2014 жылдан бастап «Еңбек күні» мерекесін атап өту - маңызды шаралардың бірі болып табылады. Еліміздің барлық аймақтарында Қазақстан экономикасын дамытуға және нығайтуға өз үлесін қосқан еңбек ардагерлеріне, еңбек әулеттерінің өкілдері мен кәсіби мамандарға құрмет көрсетіліп,  Еңбек күніне арналған форумдар өтуде.

Естеріңізге сала кетейік, Өткен аптада Үкімет отырысында Нәтижелі жұмыс және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы таныстырылды. Бағдарламаның негізгі мақсатына тоқталатын болсақ, азаматтардың жұмысқа орналасуы немесе өзінің ісін ашу үшін қажетті кәсіби дағдыға жаппай оқыту мен үйрету көзделіп отыр.

«Біз 2008 жылдан бастап жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асырып келеміз. Өздеріңізге  белгілі, бұл бағдарламалардың негізгі бағыты әлемдік қаржы дағдарысы және оған жалғасқан экономикалық тұрақсыздық кезінде жұмыссыздар санын арттырмау болды»,-деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова бағдарламаны таныстыру барысында.

Оның сөзіне қарағанда, атқарылған шаралардың дені уақытша жұмысқа тарту, бос орындарға орналастыру, оқыту және белгіленген жұмыс берушіге қызметке орналастыруды ескерді. Әрине, бұл шаралардың бәрі дағдарысқа қарсы қадамдар ретінде өз нәтижесін берді.

Соңғы жаңалықтар