Қазақстан жемқорлықты түйсіну индексінде 122-орынға көтерілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан жемқорлықты түйсіну индексінде көрсеткішті жақсартып, 122-орынға орналасты. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Фейсбуктегі парақшасында хабарланды.

«Қазақстан жемқорлықты түйсіну индексінде 31 балл жинап, 122-орынға орналасты. Еліміз бір жылда бірден 9 позицияға жоғарылады. 2016 жылы Қазақстан 29 балмен 131-орында болатын», - делінген агенттіктің хабарламасында.

Атап өтілгендей, 2017 жылдың мәліметтерін сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізетін Transparency International - дүниежүзілік азаматтық қоғам ұйымы жариялап отыр.

Жемқорлықты түйсіну индексі сарапшылар мен кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізу арқылы анықталады және 0-ден 100 балға дейінгі шкала бойынша бағаланады. 0 - жемқорлықты түйсінудің - ең жоғары, ал 100 ең төмен көрсеткішін білдіреді.

2017 жылы Қазақстанмен бірге 122 орынға Әзербайжан, Молдова, Либерия, Мали, Непал орналасып отыр.

«Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңірі» бөлінісінде Қазақстан 10-орында тұр. Индекс бойынша Қазақстаннан төмен Украина, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдері орналасқан.

Ең жоғары балдар Жаңа Зеландияға (89), Данияға (88), Финляндия, Норвегия мен Швейцарияға (85 балдан) берілген. Ал ең төмен позицияларға Сомали (9), Оңтүстік Судан (12) және Сирия (14) ие болып отыр. 

Соңғы жаңалықтар