Қазақстан жастарының 9,9 пайызы белсенді түрде дін ұстанады - Гүлшара Әбдіқалықова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда қазіргі уақытта жастар саны 4 млн шамасында. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, жастардың 79,6 пайызы дін ұстанады, оның 9,9 пайызы белсенді түрде дінге бет бұрған. Бүгін Алматыда өтіп жатқан «Жастар арасындағы діни экстермизмнің алдын алудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты республикалық конференцияда ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, діни бірлестіктердің өкілдері, студент жастар, сарапшылар қатысты.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда 4 млн жастар бар. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметі бойынша қазіргі таңда жастардың 79,6%-ы діни көзқарастарды ұстанады. Олардың арасындағы дінді белсенді ұстанушылардың үлесі  9,9%. 2013 жылдан бастап, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы дін істері жөніндегі өкілетті органмен бірлесіп, еліміздің 10 өңірінде «Әйел және дін» атты жобаны жүзеге асырып келеді», - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы.

Мемлекеттік хатшы Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу бойынша жұмыс жүргізу қажеттігі туралы міндеттер қойғанын және бұл шараға үкіметтік емес сектор мен діни бірлестіктерді белсенді қатысуға шақырғанын атап өтті.

«Діндар адамдардың радикалдануының негізгі ошағы  Интернет. Айталық, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық Интернет кеңістікте 100 мыңнан астам терроризм және экстремизм идеяларын тарату деректері анықталып, оларды жою шаралары қолға алынды. Құқық қорғау органдарының жүйелі жұмыстарының арқасында өткен жылдың 6 ай ішінде экстремизм және терроризм нышаны бар 315 қылмыс тіркелген. 12 экстремистік актілердің жолы кесілді. Мемлекет тарапынан жүйелі негізде халықтың түрлі деңгейлері арасында мақсатты түрде түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылардың 32%-ы нысаналы сауықтыру шараларымен қамтылды», - деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшының айтуынша,  террористермен бірге шет елге кетіп, соғыс қимылдарына қатыспақ болған 91 қазақстандыққа елден шығуына тосқауыл қойылды. Террористік және діни-экстремистік сипаттағы қылмыстары үшін 123 адам сотталып, қылмыстық жазасын өтеуде.

Гүлшара Әбдіқалықова бүгінгі таңдағы маңызды міндет - жастар мен әйелдердің бойында діни экстремистік ұйымдардың насихаттарына қарсы тұратын берік иммунитет қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

Іс-шара соңында Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова әйелдер мен жастар арасындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірқатар нақты міндеттерді белгіледі.

Соңғы жаңалықтар