Қазақстан және Ресейдің Еңбек министрліктері ынтымақтастық туралы меморандум жасасты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Ресей Федерациясының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Максим Топилин ТМД-ға мүше мемлекеттердің Еңбек, көші-қон және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі Консультативтік кеңес аясында өзара екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.    

Осының аясына Тамара Дүйсенова мен Максим Топилин ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.  

Екіжақты ынтымақтастық жобасы тараптардың халықаралық құқықтық нормалар мен ұлттық заңнамаларына сәйкес ұзақ мерзімді және тұрақты негізде тиімді, әрі тең құқылы, өзара іс-қимылдарға мүдделі екендігімен тығыз байланысты болып отыр. 

Бірлескен жобаның мақсаты - әлеуметтік-еңбек саласында достық қарым-қатынастарды дамыту және нығайту болып табылады.

Біріккен жұмыс жоспары бірнеше бағытты қамтиды. Яғни, тараптар жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілермен өзара алмасуды көздеп отыр. Құжаттың тағы бір маңыздылығы - халықты жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау саласында тәжірибе алмасуға уәкілетті мемлекеттік органдардың ынтымақтастығын арттыру.

Сонымен бірге аталған Меморандум бірлескен кездесулер, консультациялар, ғылыми-практикалық семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралар өткізуде екі ел арасындағы қатынасты нығайтуға бағытталған.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, құжат екі мемлекеттің әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастықтың барлық аспектілерін қамтиды.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Челябинскідегі Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығы форумында, қос мемлекетте іске асырылатын кәсіптік стандарттардың дамуын синхрондау міселесін көтерген болатын. Бұл кездесу Елбасының осы тапсырмасы шеңберінде іске асты.   

Сонымен бірге ЕАЭО-қа мүше елдердің ұлттық жүйелерінің ерекшеліктері ескеріле отырып, қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты даулы мәселелерді реттеу жұмыстарын жеделдету және біріккен Еуразиялық электронды еңбек биржасын құру мақсатында да бұл кездесудің маңызы жоғары.

Еске сала кетсек, Ресейдің Санкт-Петербург қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Еңбек, көші-қон және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша Консультативтік кеңеснің 30-шы отырысы өтті.  Жиында ТМД мемлекеттерінің тиісті министрліктері, ведомство басшылары мен сарапшылар әлеуметтік-еңбек және көші-қон саласының өзекті мәселелері талқыланды.

Соңғы жаңалықтар