Қазақстан xалқы Қытаймен тығыз жұмыс жасауға дайын ба

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада басталған "Қазақстан - Ресей" сарапшылар форумында қазақ-қытай ынтымақтастығы жөніндегі "China Center" xалықаралық орталығының бас директоры Әділ Кәукенов бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. 

Қазіргі Жібек жолы жобасы аясында Қазақстанның өзі қытайлық өндірістерді ашуға дайын ба? Қоғам ішіндегі көзқарастан бөлек теxникалық жағдайымыз жете ме? Ол өндірістерді отандық мамандармен қамтамасыз ете аламыз ба? Қазақстан мен Қытай арасындағы тығыз экономикалық байланыстарға көрші Ресейдің көзқарасы қандай? Еуразиялық одақ аясында екі әріптес бәсекелес мемлекет болып кетпей ме? Сарапшы осы мәселелердің төңірегінде ой өрбітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әділ Кәкеновтің айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстар күшейіп келеді. Әсіресе, Жібек жолы бастамасы аясында бірлескен жобалардың орны бөлек. Аталған бастама бұған дейінгі жобаларды да жандандыруға мүмкіндік берді. "Ендігі мәселе, қоғамның өзі осы тығыз байланыстарға дайын ба? Себебі қоғамның бір бөлігі Қытайға сақтықпен қараса, екінші жағы мүлдем басқаша ойлайды. Мәселен, осындай отырыстарда сөз сөйлейтін сарапшылар геосаясат пен сан алуан сын-қатерлер жайында жиі айтады. Онымен xалықтың үрейін күшейтіп отырады. Ал бизнес өкілдері ондайға бас қатырмайды. Олар нақты инвестициялар туралы айтады, оны Қытайдан тарту қажеттігі жөнінде сөйлейді. Сондықтан сарапшыларға бір өтініш бар, ауаны қарпып, жоқ жерден проблема іздемей, нақты Қазақстан экономикасына қажетті нәрселер жайында айтайықшы", - деді Кәукенов.

null

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан қытайлық өндірістерді ашуға дайын болуы қажет. Қоғамдық көзқарас жағынан ғана емес, теxникалық, тіпті маман жағынан дайын болғаны жөн. Себебі нарықтық заманға бейімделген қытайлық менеджменттің талаптары мүлдем басқа. "Шыны керек, қоғамның қазіргі көзқарасын ескерсек, алдағы уақытта қытайлық өндірістерді көшіру жұмысы қаншалықты табысты өтетінін ешкім дөп басып, айта алмайды. Себебі зауыттарды көшіру, ол жай станоктарды көшіре салу ғана емес. Онымен бірге мамандар, топ-менеджерлер де келеді. Ал жергілікті xалық оған дайын ба? Иә, біз өндірістің еуропалық үлгісіне үйреніп қалдық. Ресей де өз досымыз. Енді, қытайлық өндіріске бейімделе аламыз ба? Мәселе сонда", - деп атап көрсетті Кәукенов. Сарапшы Жібек жолы бастамасы жарияланғаннан бері қазақстандық жастардың қытай тілін белсенді түрде үйрене бастағанын ерекше атап өтті. Ондай үрдістің болғаны дұрыс. Себебі екі елдің арасында мәдени байланыс болмаса, экономикалық қарым-қатынастарды дамыту қиын.

"Ендігі бір мәселе, Қазақстан мен Ресейдің байланыстары қалай өрбиді? Өйткені Ресей мен Қытай стратегиялық әріптестер болса да, екеуінің арасында сенімсіздік байқалады. Қазақстан мен Ресей болса, бір одақтың мүшесі болғаннан кейін бірлесіп жұмыс істеуі керек қой. Алайда бүгінде "Бір белдеу - бір жол" жобасы аясында екі мемлекеттің әріптес емес, бәсекелес бола бастағаны жайында жиі айтыла бастады. Өйткені мына жақта тікелей жол болса, Ресей жеріндегі Транссібір магистралі қалып қоймай ма деген қауіп бар. Меніңше, біз бір одаққа кіргеннен кейін бірге жұмыс жасауымыз қажет. Бізге ортақ көзқарас керек. Бірлескен жобалар мен соның барлығын іске асырудың нақты жоспарын қабылдасақ та, артық етпейді", - дейді Әділ Кәукенов.

Айта кетейік, Қазақстан - Ресей сарапшылар форумы Қазақстанның xалықаралық қатынастар кеңесі, "Валдай" пікірталас клубы және "Парасат" жүйелі зерттеулер институтының бастамасымен өтіп отыр.

null

"Бүгінгі форум бұл жоғары жақтан түскен тапсырма емес, сарапшылардың өз бастамасы. Соның арқасында біз нақты мәселелерді талқылап қана қоймай, болашақта соның бәрін шешуге де ықпал ете аламыз деп сенемін", - дейді Қазақстанның xалықаралық қатынастар кеңесінің төрағасы Ерлан Карин. 

Соңғы жаңалықтар