Қазақстан үшін Қытайдың азық-түлік нарығына шығу қиындап отыр - China Center

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай Халық Республикасы ұсынған «Бір белдеу - бір жол» атты бастама Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасымен жақсы үндесіп кетті. 

Осының арқасында ортақ жобалар қолға алынып, екі ел арасындағы сауда-саттық күшейе түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ-қытай ынтымақтастығы жөніндегі "China Center" xалықаралық орталығының бас директоры Әділ Кәукеновтің айтуынша,  «Бір белдеу - бір жол» бастамасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасы үндесіп тұрғаннан кейін ортақ жобалардың маңыздылығы артып отыр.  «Былайша айтқанда, ортақ жұмыстың идеологиялық бір мән пайда болды. Жұмыс та жақсы жүріп кетті. Біраз мәселелерді ортақ мүдде тұрғысынан шешуге мүмкіндік туды. Мәселен, Астанадағы LRT жобасының өзі екіжақты ынтымақтастықтың бір көрінісіне айналды. Аталған жобаның құрылысына қытайлық компания атсалысып жатыр.  Қытайда монорельспен жүретін ондай қоғамдық көліктер көп. Осы саладағы үлкен тәжірибе қолға алынып отыр», - дейді Кәукенов.

Ал ірі жобалардың ішінде Ляньюнгань портындағы қазақстандық терминал, «Қорғас» халықаралық орталығы және тағы басқа жобалар бар. «Бұрын біз тауар алу үшін қырғыздың «Дордойына» көп барсақ, бүгінде, әсіресе, оңтүстік өңірлер үшін «Қорғас» халықаралық орталығына барған тиімді. Дегенмен, Қазақстан үшін әлі күнге дейін Қытайдың азық-түлік нарығына шығу қиын болып отыр. Мәселен, астыққа шектеу бар. Қазақстанға берілетін квоталар аз. Отандық тауар өндірушілері болса, квоталардың мүлдем болмағанын қалайды. Енді, қазір ет бойынша тосқауылдар біршама азайып келеді», - деп атап көрсетті Кәукенов бүгін Астанада өткен «Қазақстан - Ресей» сарапшылар форумында.

Айта кетейік , сессия кезінде Әділ Кәукенов Ұлы Жібек жолы жобасына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді де көтерді. Ал ҚР Тұңғыш Президентінің қоры жанындағы әлемдік экономика мен саясат институтының маманы Асқар Нұрша Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттықтың тепе-теңсіздігіне тоқталды . Сондай-ақ Асқар Нұрша ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арқылы Ресей Федерациясына кеңес бергенін де жеткізд і. 

Қазақстан - Ресей сарапшылар форумы Қазақстанның xалықаралық қатынастар кеңесі, "Валдай" пікірталас клубы мен "Парасат" жүйелі зерттеулер институтының бастамасымен өтті.

 

Соңғы жаңалықтар