Қазақстан үшін көршілес елдермен байланыстарды нығайту басымдықты бағыт - Ирина Черных

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан арасындағы қатынастардың дамуына тың серпін берілгені байқалады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Ирина Черных мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«16 қыркүйекте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Өзбекстанда болды. Сапар барысында екі мемлекет арасындағы қатынастарды дамыту мәселелері талқыланып, Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Сонымен қатар автомобиль және темір жол дәліздерін дамыту, кедендік бақылау, әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық туралы, трансшекаралық су ресурстарын басқару және басқа да мәселелерді қамтитын екіжақты құжаттар бекітілді.  Бұл құжаттардың барлығы қазақ-өзбек қатынастарын тереңдетуге бағытталғаны анық. Атап айтқанда, Қазақстан үшін Орталық Азия және көршілес елдермен байланыстарды нығайту сыртқы саясатта дәстүрлі түрде басымдықты бағыт болып табылады»,-дейді И. Черных «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа президенттің билікке келуімен  Өзбекстан Орталық Азияны өзінің сыртқы саясатында стратегиялық басымдық ретінде айқындады. Елбасының аталған сапары екі елдің арасындағы қатынастарды кеңейтумен қатар, біздің ынтымақтастықты тереңдетуге негізделгенін байқатып отыр.

«Өзара белсенді іс-қимылдар тек орталық деңгейде ғана емес, сонымен қатар қос мемлекеттің шекараға шектес облыстарында да жаңа қарқын ала бастады. Осыған байланысты екі елдің шекараға шектес өңіраралық ынтымақтастығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қызылорда облысы мен Навои облысы, Оңтүстік Қазақтан облысы мен Ташкент, Сырдария облыстары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар жасалды»,-деді институттың бас ғылыми қызметкері.

Оның пайымынша, Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан арасындағы қатынастардың даму перспективалары оптимистік тұрғыда бағаланады.

«Осы елдердің арасында қатынастардың дамуына тың серпін берілгенін байқап отырмыз. Бұл өз кезегінде тиісті мәселелерді  ең жоғары деңгейде шешуде мүдделілік бар екенін көрсетеді»,-деді сарапшы.

Бұдан бұрын хабарланғандай , 16 қыркүйекте Ташкентке мемлекеттік сапармен барған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Келіссөздердің қорытындысында екі елдің мемлекет басшылары Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. 

Осы сапар барысындан Ш. Мирзиёев Қазақстан Президентін «Ел-жұрт құрметі» орденімен марапаттады .

Атап айтқанда , Елбасы Ташкентке сапарын тарихи күн деп бағалады. 

Мұнымен қоса, 17 қыркүйекте Ашхабатта ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов екіжақты кездесу өткізді . 

Соңғы жаңалықтар