Қазақстан ҰҚШҰ-ға төрағалық етеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 30 қарашада Минскіде өтетін сессиясы кезінде осы ұйымға төрағалық Қазақстанға көшетін болады. Бұл туралы «ҚазАқпаратқа» Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің Төрағасы Талғат Жұмағұлов мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде алдағы жылда ҰҚШҰ-ға қазақстандық төрағалықтың басымдықтарын ұсынып, бұл ұйымды одан әрі дамыту бойынша Астананың көзқарасын анықтап береді деп күтілуде, деп түсіндірді Сыртқы істер министрлігі.

Биыл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл және ұйымның құрылғанына 15 жыл толып отыр. Саммит барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер соңғы кезең ішінде Ұйымның жұмысын қорытындылап, қысқа мерзімді жоспар анықтап, әлемдегі және ҰҚШҰ-ның жауапкершілігі аймағындағы қазіргі жағдайды талқылайды.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясындағы ынтымақтастық Қазақстан Республикасының маңызды сыртқы саяси басымдықтарының бірі болып табылады. Қазақстанның ҰҚШҰ-дағы ұстанымы халықаралық құқықты қатаң сақтай отырып, халықаралық және өңірлік тұрақтылықты қаматамасыз ету, жаңа қауіп-қатерлерге төтетеп беру, оларды алдын-ала ескерту және болдырмау міндеттерін шешу қажеттілігіне негізделеді», - деді Т. Жұмағұлов.

Бұдан бұрын Сыртқы істер министрлігі Нұрсұлтан Назарбаевтың Минскіге сапарының күн тәртібі мен оның Президент Александр Лукашенкомен кездесуі туралы түсінік берді.

Соңғы жаңалықтар