Қазақстан Украинада болып жатқан оқиғадан сырт қала алмайды - ҚР СІМ
«Жалпы айтарым, Қазақстан Украинадағы ахуалды реттеу бойынша әрқашан да Минск келісімін қолдайды. Вашингтонда жоғары дәрежеде өткен келіссөздер барысында Минск келісімін жүзеге асырудың маңыздылығы турасында мәселе көтерілген болатын. Біз бұл мәселені әрқашан бейбіт жолмен шешуден басқа жол жоқ деген ұстанымдамыз. Қазақстан Республикасы Минск алаңының маңыздылығына күмән келтірмейді. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы осы алаңның құрылуына күш салған «сәулетшілердің» бірі болған еді. Сонымен қатар, біз Минск келісімін жүзеге асыруда халықаралық қолдау білдіруге дайын екенімізді әрқашан атап өтіп отырамыз. Жалпы, Минск - сенімді алаң ретінде таныта білді», - дейді Ержан Ашықбаев.
ҚР Сыртқы істер вице-министрі Украинадағы мәселе бойынша талқы алаңының өту орынына байланысты Қазақстан тарапынан ешқандай мәселе туындап отырмағанын атап өтті.
«Украинаның шығысындағы ахуалға келсек, Қазақстан болып жатқан оқиғадан сырт қала алмайтынын атап өткім келеді. Біз үшін Украина саяси, экономикалық және мәдени салада қарым-қатынасты дамытып келе жатқан мемлекет», - дейді Ержан Ашықбаев.
Еске сала кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа сапарын қорытындылаған кезде қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев Трамппен екеуара кездесуі барысында өңірлік және халықаралық саясат мәселелері де қозғалғанын айтып, оның ішінде Орталық Азиядағы 5 мемлекеттің Америкамен ынтымақтастығының С5+1 жобасы жайы, Ауғанстан мәселесі, Америка мен Ресей арасындағы жағдай, Украина, Солтүстік Корея, Сирия, Иран мәселелері қозғалғанын атап өткен еді.