Қазақстан транзиттік жүктерді кедендік тексеру мерзімін қысқартпақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан транзиттік жүктерді кедендік тексеру мерзімін қысқаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексі мен оған ілеспе заң жобасын таныстырған еліміздің Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Рулан Дәленовтің айтуынша, қазіргі қолданыстағы кодексте кедендік транзитті аяқтау 24 сағаттың ішінде қарастырылған.

«Жаңа кодексте бұл процедураларды аяқтауға 4  жұмыс уақыты сағатынан аспайтын мерзім белгіленген. Транзиттік жүктерді кедендік тексеру жүргізу мерзімі қажет  болған жағдайда оннан бес күнге дейін қысқартылады», - деді ол.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Республикасының жаңа Кеден кодексінің негізін Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексі құрады. Бірінші кезекте бұл екі құжаттың орнына бір құжатты пайдаланудың ыңғайлы болуына байланысты.

«Себебі кодекс жобасында Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің ережелері толығымен имплементацияланған, ұлттық заңнамаға сілтеме нормалары көрсетілген, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақтың кодексінде реттелмеген құқықтық қатынастар белгіленген», - деді ол.

Айта кетерлігі, жаңа кодекспен бірге оған ілеспе заң жобасы да әзірленген. Ол 6 кодекс пен 29 заңға өзгерістерді көздейді.

Соңғы жаңалықтар