«Қазақстан темір жолы» ҰК-ның басқарма құрамы өзгерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқармасының құрамы өзгерді. Бұл жайында ҚазАқпарат Қазақстанның қор биржасына сілтеме жасап хабарлайды.

Осы мәселеге байланысты таратылған ақпаратқа сәйкес, Арман Сұлтанов компанияның даму жөніндегі вице-президенті қызметіне тағайындалды. Мұндай шешім 9 ақпанда қабылданған болатын. Сондай-ақ операциялық қызметтерді үйлестіру жөніндегі вице-президент міндетін атқару Санжар Елубаевқа жүктелді.

«Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылы 31-қаңтардағы №129-шы қаулысы негізінде құрылды.

«Қазақстан Республикасының темір жол кәсіпорындарын қайта құру туралы» деп аталатын бұл қаулы негізінде Алматы теміржол басқармасы, Тың темір жолы мен Батыс Қазақстан теміржол басқармасы сынды мемлекеттік кәсіпорындар біріктірілді. Ондағы мақсат - тасымалдау процесін басқару және қажетсіз буындарды тарату, темір жол саласын қаржылық-экономикалық тұрғыдан сауықтыру болатын.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылы 15-наурыздағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамын құру туралы» №310-шы қаулысы негізінде «Қазақстан темір жолы» РМК мен оның еншілес кәсіпорындары біріктіріліп, «ҚТЖ» ҰҚ» ЖАҚ құрылды.

2004 жылдың 2-сәуірінде Қазақстан Республикасының 2003 жылы 13-мамырдағы «Акционерлік қоғамдар» туралы заңына сәйкес «ҚТЖ» ҰК» ЖАҚ «ҚТЖ» ҰК» АҚ болып қайта тіркелді.

Қазіргі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметтік тұтастық пен теміржол саласын тиімді басқаруға негізделген холдинг болып табылады. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның дара акционері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ.

Соңғы жаңалықтар