Қазақстан Таяу Шығыс елдерін келіссөздер үстеліне қайта оралуға шақырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді бастаған Қазақстан делегациясы Таяу Шығыстағы ахуал және Палестина мәселесі бойынша өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ашық брифинг форматында өткен кездесу кувейт төрағалығымен ұйымдастырылды. Аталған жиында спикер ретінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және Таяу Шығыстағы бейбіт процесс бойынша БҰҰ-ның арнайы үйлестірушісі Николай Младенов сөз сөйледі. Брифинг Палестина Мемлекетінің Президенті Махмуд Аббастың қатысуымен ерекшеленді.

М.Тілеуберді халықаралық құқық нормаларына сәйкес ортақ шешімге келу үшін Израиль мен Палестинаны келіссөздер үстеліне қайта оралуға шақырды. Қазақстандық тарап Палестинаның - тәуелсіздікке, ал Израильдің қауіпсіздікке құқығын қолдайтын ұстанымын кезекті рет жеткізді.

М.Тілеуберді сонымен қатар, тараптарды бұған дейін қол жеткізілген халықаралық келісімдерге сәйкес, Иерусалимнің тарихи мәртебесін сақтап қалуға шақырды. Қазақстан тараптар арасындағы сенімді қайта қалпына келтіріп, шешілмеген сұрақтар бойынша ортақ келісімге келу үшін келіссөзді бастау қажеттігін жеткізді.

Өз кезегінде А. Гутерриш БҰҰ екі мемлекеттің ортақ шешімге келуін, яғни 1967 жылдан бері Иерусалимдей ортақ астанасы бар екі тәуелсіз мемлекеттің - Израиль мен Палестинаның бейбіт өмір сүруін құптайтынын растады. Ол атап айтқанда, онжылдық қолдаудан кейін екі мемлекеттің шешіміне қатысты жаһандық консенсус бұзылып кетуі мүмкін деген қаупін білдірді.

Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері өз сөздерінде палестина-израильдік қақтығыстар бейбіт жолмен реттелетініне және бейбіт өмір сүретін көршілес екі елдің формуласына қолдау білдіретіндерін атап өтті.

Палестина көшбасшысы Махмуд Аббасқа брифингке қатысқанына алғыс айта отырып, қазақстандық делегацияның басшысы екі мемлекеттің қарым-қатынасының реттелуіне байланысты сөйлеген сөздеріне үн қосты.

Соңғы жаңалықтар