Қазақстан Сириядағы жағдайды одан әрі ушықтырмауға шақырды

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров кеңестің АҚШ, Франция және Ұлыбританияның Сирия нысандарына зымыранмен соққы жасауына орай шұғыл шақырылған отырысында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Сириядағы ахуалдың ушыға түсуіне байланысты өзінің барынша алаңдаушылық танытып отырғандығын білдіреді. Біз барлық тарапты мұнан ары әскери ушыға түсуге жол бермеуге және БҰҰ жарғысы мен Қауіпсіздік кеңесінің сәйкесінше қарарлары негізінде көп азап шеккен Сирияға сенім, бейбітшлік және қауіпсіздікті қайтару үшін шаралар қабылдауға шақырамыз. Осы залда шиеленістердің арта түскендігін көрген сайын біз БҰҰ жарғыларына және халықаралық құқыққа сәйкес жауапкершілікпен әрекет етуге шақырамыз. Кеңес мүшелері болмаса басқа кім бүкіл әлемге жарғының ұстанымдары мен ережелерінің сақталуына үлгі бола алады?», - деді Қайрат Омаров.

Оның атап өтуінше, Қазақстан басқа елдерді де халықаралық құқық пен заңды қатаң сақтауға шақырады.

«Дегенмен, өкінішке орай кеше біз басқа үлгіні көрдік. Қандай игі істі желеу етіп шара қабылдаса да олар әскери күш қолдануды ақтай алмайды. Озбырлыққа зорлықпен жауап беру еш уақытта да бейбітшілік пен тұрақтылық әкелмейді. Қазақстан «әскери іс-қимыл - бұл Қауіпсіздік кеңесі мақұлдаған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін соңғы шара» деген ұстанымды қолдайды және осылай болып та қала береді. Бұл кеңес кеше болған алған әскери соққыны мақұлдаған жоқ», - деп атап өтті Қазақстанның тұрақты өкілі.

Қайрат Омаров Сирия мәселесін барынша байыппен талқылайтын уақыттың жеткенін де баса айтты.

«Біз АҚШ пен Ресей Федерациясын олардың Сирияны қолдау жөніндегі халықаралық топтың тең төрағасы болып саналатындығын және басқа тараптарға да ықпал ету мүмкіншіліктерінің бар екендігін ескере отырып, Сириядағы жанжалды саяси реттеуге қол жеткізу үшін белсенді әрекет етуге шақырамыз. БҰҰ  тараптар өзара дауларын реттеу үшін келіссөздер жүргізуді сындарлы рөл атқаруы тиіс»,- деді ол.

«Адамзат 21 ғасыр жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуіріне айналарына үміт артқан еді. Алайда, бұл тек елес болып қалуы ықтимал. Біздің әлем тағы да қауіпке душар болды және тәуекелдер барынша жоғары. Қатер - бұл жаһандық ауқымдағы зобалаң соғыс. Ғаламшарымыз қазіргі уақытта жаңа қырғи қабақ соғыс ернеуінде тұр, оның барша адамзатты талқандайтындай салдары болуы мүмкін.  Бұл біздің Президентіміздің  2016 жылғы 31 мамырда жария еткен «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестіндегі тікелей сөзі. Кеше ғана БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш өкінішке орай, «қырғи қабақ соғыстың» қайта оралып келе жатқанын еске салған еді. Қазақстан тараптарды БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқықтық сақтауға шақырады. Біз сонымен қатар, жанжалды тек қана бейбіт құралдарды пайдалану арқылы реттеуге шақырамыз», - деді Қайрат Омаров.

Сонымен қатар, ол Нұрсұлтан Назарбаев өз манифестінде мемлекеттер арасындағы даударды реттеудің негізгі құралы - бұл  бейбіт диалог пен әлемнің қауіпсіздігі, өзара құрмет және ішкі іске араласпау үшін теңдей жауапкершілік негізіндегі конструктивті келіссөздер екендігін айтқанын еске салды. 

Сондай-ақ, Қайрат Омаров оң нәтижелерге қол жеткізу үшін Астана процесі мен Женева келіссөздері мақсат-міндеттерін одан ары қолдау қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар