Қазақстан шикізаттық емес тауар экспортын 22 пайызға өсірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыртқы сауда айналымында 25,1 пайыз деңгейінде өсім болды. Бұл туралы 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуға арналған баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2017 жылы барлық маңызды көрсеткіштер бойынша Қазақстанның сыртқы саудасында оң қарқын орын алды. Біз 2016 жылмен салыстырғанда сыртқы сауда айналымындағы 25,1 пайыз деңгейіндегі едәуір өсімді байқап отырмыз. 2017 жылғы ақшалай мәндегі көрсеткіш 69,5 млрд АҚШ долларына жетті. 2016 жылы бұл көрсеткіш 55,5 млрд долларын құраған болатын», - деді Б. Бекешев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол 2017 жылы еліміздің сыртқы сауда құрылымы айтарлықтай өзгергендігін атап көрсетті. Экспорт құрылымында шикізаттық емес өнімнің үлесі артып келеді.

«Қазақстан экспортының жалпы көлемі 31,6 пайызға өсті және 43,1 млрд АҚШ долларын құрады (2016 жылы 32,7 млрд АҚШ доллары). Шикізаттық емес тауарлардың үлесі айтарлықтай ұлғайды, бұл көрсеткіш бойынша өсім 22,1 пайызға жетті. Қазақстан 14 млрд АҚШ долларынан астам сомаға  шикізатсыз өнімді экспорттады», - деді Бекешев.

Оның атап өтуінше, ЕАЭО алаңын қолдану өзара тиімді саудалық уағдаластықтардың есебінен үшінші елдердің нарығына қол жеткізуді кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Мәселен, Вьетнамға экспортты алсақ, онымен еркін сауда туралы келісім 2015 жылы жасалған болатын. 2017 жылы бұл келісім іске қосылып, экспорт 20 еседен астам өсті және 274,2 млн АҚШ долларына жетті. Сондай-ақ бүгінгі күні біз Иранмен еркін сауда туралы және ҚХР-мен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімдер бойынша келіссөздерді аяқтадық. Бұл болашақта аталған елдермен сауда көлемін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Б.Бекешев.

Соңғы жаңалықтар