Қазақстан сайттарына түскен вирус-майнер қаншалық қауіпті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақ торап ақпарат орталығына www.balans.kz, kodeks.kz  және urist.kz интернет ресурстарынан табылған вирус-майнерлерге қатысты шара қолдану үшін тиісті хабарлама жіберді. Бұл жайлы комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА хабарлайды.

Майнер зиянкес скриптісі пайдаланушы сайтты ашқан кезде «оянып», компьютердің Monero криптовалютасын өндіру процесін жүргізетін орталық процессор құрылғысын іске қосады. Соның арқасында қаскөйлер криптовалютаны шабуыл жасалған машина ресурстарының есебінен алады.

Аталған сайтқа кіретін барлық пайдаланушыға өз компьютерін антивируспен тексеріп отыру қажеттігі ескертіледі. Сайттан жүктеп алынған файлдарды да ашпас бұрын жеке тексеру қажет. Майнерден қорғану үшін браузердің функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтетін бағдарламаларды пайдаланған жөн. Олар мұндай зиянкес скриптілерді бұғаттайды.

«Қазақ торап ақпарат орталығы» (KazNic) Интернет желісінде .KZ домендік атауын қолдануын басқарады және бақылайды. Осыған орай, Тіркеу ережелеріне сәйкес, Интернеттің Қазақстан сегментіндегі кеңістігінде Интернетті қауіпсіз пайдалануға қауіп төндіретін зиянды бағдарламалық жасақтама анықталған интернет-ресурстың домендік атауын пайдалану тоқтатылады.

Еске сала кетсек, бүгін қазақстандық БАҚ-та www.balans.kz, kodeks.kz және urist.kz интернет-ресурстарында вирус-майнерлер пайда болғаны туралы ақпарат таралған еді.

Соңғы жаңалықтар