Қазақстан рохинджалық 626 мың босқын тағдырына алаңдаушылық білдірді - СІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Мьянмадағы жағдай бойынша отырысы өтіп, онда БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Джеффри Фельтманның баяндамасы тыңдалды. Отырысқа Қазақстан тарапы да қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Джеффри Фельтманның сөзіне қарағанда, Мьянманың Ракхайн штатындағы зорлық-зомбылықтың деңгейі төмендегеніне қарамастан, ондағы босқындар легі толастаған емес, ауылдарға өрт қою оқиғалары әлі де жалғасуда.  Мәселен, 25 тамыздан бергі кезеңде 626 мыңнан астам босқын Мьянманың Бангладешпен шекарасын кесіп өткен. Бұның ішінде 36 мыңнан астам бала Балгладешке ата-аналарынсыз немесе ересектерсіз жеткен.

«Мьянма билігі Халықаралық Қызыл Крест Комитетіне рұқсат бергенімен, сосын Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы көмек көрсеткенімен, БҰҰ-ның басқа мекемелері мен олардың әріптестеріне Ракхайн штатының солтүстік бөлігіне әлі де шектеулерді алмай отыр», - деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысының орынбасары.

Дж. Фельтман ағымдағы жылдың 23 қарашасында Мьянма мен Бангладеш арасында рохинджа босқындарын қабылдау туралы Меморандумға қол қойылғанын айтты. Сонымен қатар, ол Мьянма билігін, соның ішінде әскерилерді зорлық-зомбылық жасамауға, нәсілдік жеккөрушіліктер туғызбауға шақырды. 

Отырыс барысында Қазақстан делегациясы рохинджаның 626 мың босқынына, ең бірінші кезекте балалар мен әйелдердің қиын жағдайына үлкен алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, Қазақстан Бангладеш Үкіметі мен басқа да халықаралық ұйымдар және донорлардың босқындарға уақытша баспана беру, медициналық көмек көрсету, азық-түлікпен қамту бойынша жасаған игі шараларын атап өтеді.

Бұдан бөлек, Қазақстан делегациясы Мьянма мен Бангладеш арасындағы босқындарды ерікті түрде қайтару туралы 23 қарашада қол қойылған меморандумға қолдау білдірді.  Екі елдің бірлескен жұмыс тобы барлық рохинджалықтың Мьянмадағы өз үйлеріне қауіпсіз, лайықты әрі ерікті түрде қайтуын қамтамасыз ете алатынына сенім білдірді.  Сонымен бір мезгілде, қазақстандық тарап адам құқығының өрескел бұзылу жағдайларын тергеуге, сондай-ақ қақтығыстардың түпкі себептерін жоюға шақырды.

Отырыс барысында БҰҰ Бас хатшысының қақтығыстар жағдайындағы жыныстық зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі Арнайы өкілі Прамила Паттен де баяндама жасады. Ол жақында ғана Бангладеште босқын рохинджалықтардың лагерінде болып қайтқан еді. Арнайы өкіл «тірі қалған босқындардан жыныстық зорлық-зомбылықтың сұмдық оқиғаларын» естігенін жеткізді. Бұндай сұмдықты негізінен Мьянма әскери күштерінің қызметкерлері жасаған болып отыр.  Арнайы өкілдің айтуынша, көптеген мәліметтер халықаралық гуманитарлық құқықтың айтарлықтай бұзылғанын көрсетеді. Осыған байланысты ол БҰҰ ҚК мүшелерін Мьянмаға, сонымен қатар Бангладеште орналасқан босқындар лагеріне баруға шақырды.

Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің басым бөлігі Мьянмадағы жағдайдың айтарлықтай алаңдаушылық туғызып отырғанымен келісті. Олар ел билігін БҰҰ қызметкерлері мен халықаралық гуманитарлық ұйымдар өкілдерінің кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге шақырды. Бірқатар делегациялар рохинджалықтарға шабуылдауларда геноцид белгілері көрініс табатынын атап өтті.

Сондай-ақ, Мьянма билігінен Ракхайн штаты проблемалары бойынша К.Аннанның Консультативтік кеңесінің ұсынымдарын дереу жүзеге асыру мәселесі талап етілді.

Соңғы жаңалықтар