Қазақстан Президенті ЕДБ басқарма төрағасы Дмитрий Панкинді қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кездесу барысында Мемлекет басшысына банктің қызметі, сондай-ақ оның бұдан әрі даму перспективалары мен басымдықтары туралы мәлімделді, деп хабарлады бүгін Ақорданың баспасөз қызметі. 

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия даму банкінің құрылу мақсатына, оның алдында тұрған бүгінгі міндеттерге тоқталып, интеграциялық жобаларды қаржыландырудың маңыздылығын атап өтті.

«Банктің негізгі құрылтайшылары Қазақстан мен Ресей болып саналады. Банк Еуразиялық экономикалық одақтың мүддесі үшін құрылды. Жұмыстың таңдалған бағыты дұрыс. Қазақстан жағдайында несиені көбіне теңгемен беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бастамашылық еткен шағын жобаларға несиені қоса қаржыландыру шартымен беру мәселесін қарастыруды ұсынды.

«Көлік-инфрақұрылым, су және аграрлық бағыттағы ортақ жобаларды қоса қаржыландыруға банктің мүмкіндігі бар. Бұл жобалар одаққа мүше барлық мемлекеттер үшін жұмыс істейтін болады. Мұндай жобалар ең алдымен оларды ұсынатын Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысына байланысты болмақ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Д.Панкин Қазақстан Президентіне жаңа жобалар жөніндегі шарттардың жасалу барысы туралы, сондай-ақ банктің несиелік қорының ахуалы, оның өткен жыл қорытындысы бойынша айтарлықтай артқаны жөнінде баяндады.

Соңғы жаңалықтар