Қазақстан Премьер-Лигасы: «Тобыл» тағы сүрінді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық футбол клубы Алматыда «Қайраттан» ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ, алматылықтар басымдықты өздерінде ұстады. Небәрі 4-ші минутта Андрей Аршавин сол қапталдан сытылып шығып, айып алаңына пас ұсынды. Керек жерден табылған Жерар Гоу қателеспеді - 1:0.

Жылдам гол соғып алған алаң иелері қарымта шабуылдарға иек артып, қорғанысты мығым ұстауға тырысқан секілді.  «Тобыл» бапкері жарақат алып қалған команда капитаны Алмир Мухутдиновты алмастырды. Оның орнына Нұрбол Жұмасқалиев шықты.  30-минутта А.Аршавин «Тобыл» айып алаңына ұмтылған Исаэль Барбозаны паспен тапты. Соңғысы Ж.Гоуға доп ысырған. Жерар соққан гол есепке алынбады. Қапталдағы төрешінің пікірінше, шабуылшы ойыннан тыс қалды.

«Тобыл» командасы Аздрен Луллаку мен Алексей Щеткин ұйымдастырған шабуылдан соң еңсе түзеді. Щеткин қақпаға екі-үш метр жерден қиыс тепті. Мұнан соң Эгон Вух белсенділік танытты. Оның асырған добына бірінші жеткен Фернандер Кассай баспен ұрды. Тағы ла қиыс соққы.

Екінші тайм басында «Тобыл» есепті теңестіретін екі мүмкіндікті мүлт жіберді. Әуелі Нұрбол Жұмасқалиев ұрымтал тұсқа шықты. Оның айналдыра бағыттаған соққысы қақпа бағанасынан биік кетсе, қақпашымен бетпе-бет шыққан Дидар Жалмұқанға да дәлдік жетіспеді. Бас бапкер Роберт Евдокимов алаңға Рауль Джалиловты жіберді. Жас ойыншы командасына жаңа леп бере қойған жоқ. «Қайраттың» сол қапталдағы қорғаушысы Ғ.Сүйімбаев оны «тұсап» ұстады.

Ойынның аяқталуына он минут қалғанда «Тобыл» қақпашысының қателігін пайдаланған «Қайраттың»  жартылай қорғаушысы И.Барбоза есепті еселеді. Ол осы маусымдағы өзінің 8-ші голын соғып отыр.

Тоқсан минут та түгесілді. Төреші қосқан қосымша уақытта да қостанайлықтар таблодағы көрсеткішке өзгеріс енгізе алмады. Осылайша, «Тобыл» тағы да 3 ұпайдан қағылды.

 

Соңғы жаңалықтар