Қазақстан Өзбекстанмен шекарадағы жолдар мен көпірлерді кеңейтеді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстан Өзбекстанмен шекарадағы өткізу пункттері арасындағы жолдар мен көпірлерді кеңейтеді. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алтынсары Үмбеталиев мәлім етті.

«Қазіргі таңда «Қазығұрт», «Қапланбек» және «Атамекен» кеден бекеттерін тәулік бойы жұмыс кестесіне көшіріп, шекарадан өтетін тауарлар мен көлік құралдарын ресімдеуді жылдамдатуға қол жеткізіп отырмыз. Сондай-ақ, өткізу пункттері арасындағы жолдар мен көпірлерді кеңейтіп, жеке тұлғаларға шекарадан өтуге ыңғайлы жағдай жасайтын боламыз. Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 554 млн АҚШ долларын құрады», - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Сонымен қатар, облыс орталығы Шымкент қаласында өткен Қазақстан-Өзбекстан делегациясының екіжақты келісіміне сәйкес, «Атамекен» кеден бекетінің «Сырдарья» және «Целинный» өткізу пункттері ашылып отыр.

Департамент басшысының айтуынша, облыста «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Салық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру» пилоттық жобасы іске асырылуда.

«Жаңа жүйенің енгізілуі - тапсыратын құжаттардың азаюына, уақытты үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді. Пилоттық жобаның аясында «Астана-1» ақпараттық жаңа жүйесі қолданысқа енгізілді. Аталған жүйе барлық кеден бекеттеріне орнатылып, бүгінгі таңда 6 мыңға жуық транзиттік декларация рәсімделген», - деді  Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Айта кетерлігі, Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда 557 143 автокөлік тіркелген. Салық кодексіне сәйкес, 59 265 автокөлік иелерінде жеңілдік бар. Қазіргі таңда облыс көлемінде төленбеген көлік салығын өндіру бойынша жұмыстар атқарылуда. 

Соңғы жаңалықтар