Қазақстан ОПЕК-тің мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы шешімін қолдайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан өз тарапынан ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдердің нарықтағы қолайлы бағаны сақтап қалу үшін мұнайды өндіру көлемін қысқарту шешімінің мерзімін одан әрі ұзарту жөніндегі келісімді құптайды және қолдайды.

Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Ағымдағы жылдың 25 мамырында Венада өткен кездесуге қатысқан тараптар әлем бойынша қазіргі кезге дейін сақталған төмендетілген мұнай өндіру көлемін бұдан әрі ұзарту бойынша келісімге келді. Жалпы көлем тәулігіне 1,8 млн. баррельді құрайтын болады. Келісім мерзімі 2017 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап 9 ай бойы қолданылады», делінген хабарламада.

Энергетика министрлігінде атап өткендей, Қазақстан өз міндеттемелерін ағымдағы квотаға сәйкес өндіріс көлемін  тәулігіне 20 мың баррельді құрайтын деңгейде ұстап тұруды жалғастырады. Бұл ретте әлемдік мұнай нарығындағы конъюнктураны ескере отырып, 2017 жылдың қараша айында міндеттемелер бойынша шарттар қайта қаралуы мүмкін.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан ОПЕК алдында бұдан бұрын қабылдаған міндеттемелерін орындап келеді. Еліміздегі мұнай өндіру көлемі тәулігіне 1,673 мың баррельді құрайды, оның ішінде соңғы екі ай ішінде өндіру көлемі аздап өсті. Мамыр-маусым айларында мұнай өндіру көлемін азайту күтілуде, нәтижесінде, жартыжылдық бойынша Қазақстан өз тарапынан міндеттемелерді толығымен орындайды. 

Соңғы жаңалықтар