Қазақстан мұғалімдері ЭКСПО-дағы технологиялар туралы білімді сабақ барысында қолдана алады

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мұғалімдері ЭКСПО-2017 көрмесіне қойылған технологиялар туралы білімді сабақ барысында қолдана алады. Мұндай пікірді бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы Болат Әбдірәсілов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үлкен бір топтама білім беру технологияларына арналған. Өте көп экспонат болды, оларды біздің мектептер пайдалана алады. Арнайы ақпараттық алаң құрамыз. Ол негізгі білім беру технологиялары орналастырылатын сайт болатын шығар. Бұл алаң әрбір мектепке қолжетімді болады. Аталған сайт әлемдегі білім беру технологиялары саласындағы жетістіктермен байытылып отырады. Өздеріңізде білетіндей, қазіргі уақытта білім беру саласында оқулықтарды, технологияларды жетілдіруге бағытталған өте байыпты әдістер пайда болуда», - деді ол.

Комитет төрағасының айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесі алаңында ұсынылған жетістіктер туралы мәліметтерді мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу материалдарын толықтыра түсуге үлкен мүмкіндік бар.

«Біз ЭКСПО мұрасын жоғалтып алмауымыз керек сияқты. Ғылыми зерттеулер үшін, сонымен қатар білім беру мақсаттарына қажетті барлық мәліметтерді жинақтауға тырысамыз. Бүгінде бізге академиялық еркіндік берілген. Яғни, кез келген оқытушы өз пәнінің мазмұнын, оқыту процесіндегі қолданатын технологиясын, яғни өзіндік технологиясын таңдауға құқығы бар. Бұл білім беру порталы оқытушыларымызға өздерінің сабақ беру әдісін жетілдіруге мүмкіндік береді», - деді Болат Әбдірәсілов.

Соңғы жаңалықтар