Қазақстан мен Украина дизайнерлері этноүлгідегі топтамаларын ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері елорданың «Жастар» сарайында тұңғыш рет Қазақстан мен Украинаның белгілі дизайнерлерінің халықаралық этникалық сән марафоны өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтем жасап.

Шараны ұйымдастырушы - Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы. Сән марафонын өткізу идеясын ұсынған елордалық «Оберег» украин қоғамы» қоғамдық бірлестігі.

Халықаралық этникалық сән марафоны украиналық Олеся Вакуленконың «Өмір ағашы» атты топтамасымен ашылды. Бұл «прет-а-порте» атауымен танымал әйелдер көйлегінің топтамасы шеберлер қолынан шыққан украин халқының әсем өнімі. Ол нақышты оюлармен өрнектелген күнделікті және салтанатты жағдайларда киюге арналған көйлек.

Қазақстандық дизайнерлердің де өнімдері ешкімді бей-жай қалдырмады. Мысалға, «Ұлы дала маржаны» атауымен Майя Дидің және «Қыз Жібек» атты Ақбота Тоқтасынованың топтамалары халық шығармашылығынан нәр ала отырып, әйел бейнесін әсем көркемдеген. Сондай-ақ Шымкент қаласынан келген Марат Ерімбетовтің - «Тас үні», Петропавл қаласынан келген Айкүміс Бекзаттың «Айару» топтамаларын ерекше атап өтуге болады. Ал этно үлгідегі «Тұмар ханшайым» мен «Ақбата» атты топтамаларды дизайнерлер Г. Наетова мен Ж. Байжанова көпшілікке ұсынды. Олардың бұйымдарын да жұртшылық жылы қабылдады.

Нәтижесінде бірінші орын Украина халық өнері шеберлері ұлттық одағының мүшесі, Харьковтен келген дизайнер Олеся Вакуленкоға бұйырды. Екінші орынды қазақстандық Ақбота Тоқтасынова алса, үшінші жүлде дизайн магистрі елордалық Марат Ерімбетовке берілді.

 

Соңғы жаңалықтар