Қазақстан мен Түрікменстан ОА елдері ішінде шекара шегендеуді бірінші аяқтады - СІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік  шекарасын шегендеу туралы келісімге 2017 жылғы сәуірде Астанада екі елдің Президенттері қол қойған.

«Қазақстан мен Түрікменстан Орталық Азия елдері ішінде шекара шегендеуді бірінші болып аяқтағанын атап өткім келеді. Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын шегендеу 2001 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікменстан шекарасын делимитациялау және оны демаркациялау  процесі туралы шартқа сәйкес жүргізілді. Бұл шарт Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі заңымен ратификациялауға түсті және 2006 жылғы 31 тамызда күшіне енді», - деді ол.

Министрдің айтуынша, келісімнің басты мақсаты  - Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы шегенделген мемлекеттік шекара сызығын халықаралық құқықтық бекіту. Шекараны шегендеу нәтижесінде мемлекеттік шекара сызығының ұзындығы 458,3 шақырымды құрады. Мемлекеттік шекара сызығында 30 шекаралық белгі орнатылды. Мемлекекеттік шекара және шекаралық белгілердің орналасқан жері келісімге келесі  қосымшаларда, атап айтқанда, мемлекеттік шекара сызығының өтуін қамтамасыз ету хаттамасында, мемлекеттік шекара картасында, шекаралық белгілердің хаттамаларында, шекаралық белгілердің координаттары мен биіктіктерінің катологында көрсетілген.

«Келісім күшіне енгеннен кейін мемлекеттік шекара сызығын тиісті күйде сақтау мақсатында шекараның белгіленуі 10 жылда бір рет бірлескен тексеруден өтеді. Келісім бойынша жергілікті жердегі кез келген өзгерістер мемлекеттік шекара сызығының өтуіндегі өзгерістерге  алып келмейді. Келісімнің ережелеріне сәйкес  ол ратификсациялауға жатады және дипломатиялық арналар арқылы оның аяқталғаны туралы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді», - деді Қайрат Әбдірахманов.

Сенаторлар құжатты бірауыздан қолдап, Сенаттың аталған заңды қабылдау туралы қаулысы қабылданды.

Соңғы жаңалықтар