Қазақстан мен Ресей вице-премьерлері цифрландыру мәселелерін талқылады

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев «Ашық инновациялар - 2017» VI Мәскеу халықаралық инновациялық даму форумына қатысу үшін Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Негізгі күн тәртібіне «Цифрлық экономика» бекітілген форумға РФ үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев, РФ үкіметі төрағасының орынбасары Аркадий Дворкович, «Alibaba Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Джек Ма, «Сбербанк» қоғамдық АҚ басқармасының президенті және төрағасы Герман Греф, Люксембургтің премьер-министрі Ксавье Бетель, Ұлыбритания үкіметі мемлекеттік цифрлық қызметінің техникалық директоры Лиам Максвелл және өзге де мемлекет қайраткерлері мен бизнес капитандары қатысты.

Форум әлемнің 90-нан астам елінен келген 18 мыңға жуық қатысушының басын қосты. Қатысушылар цифрлық экономика мен әлемдік ақпараттандырудың дамуымен тығыз байланысты жаһандық процесстердің өзгеруін белсенді талқылады.

Сондай-ақ, қазақстандық вице-премьер форум аясында өзінің ресейлік әріптесі А.Дворковичпен кездесті. Сочиде өткен Жоғары Еуразия экономикалық кеңесіндегі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің цифрлық экономикаларын сәйкестендіру туралы ЕАЭО мемлекет басшыларының тапсырмаларына сәйкес, Қазақстан мен Ресейдің вице-премьерлері ЕАЭО аясындағы екі елдің экономикаларын цифрландыру саласындағы қызметтің негізгі бағыттарын талқылады.  Тараптар аталған бағыттағы ынтымақтастықты тереңдету қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жетілдірумен айналысудамыз, онда адами капиталды дамыту, проактивтік мемлекетті дамыту, цифрлық инфрақұрылым құру мен экономиканың барлық салаларын цифрландыру қарастырылған. Сондай-ақ, аталған бағдарламада экожүйені дамыту және өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландыру сынды маңызды элементтер болады. Жақын арада бұл бағдарламаны жетілдіруді аяқтаймыз», - деді А.Жұмағалиев.

Одан бөлек, қазақстандық вице-премьер «Сколково» технопаркі негізінде «Инновациялық технологиялар паркі» Қазақстанның автономды кластерлік қорының қазақстандық өкілдігінің ашылуына қатысты.

«Сколководағы» «Инновациялық технологиялар паркі» барлық қажетті жағдайларды жасайды және біздің стартаптарға Еуразия экономикалық одағының нарығында жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті А.Жұмағалиев.

Соңғы жаңалықтар