Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері бірлескен мәлімдеме қабылдады

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Ташкентке мемлекеттік сапармен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Келіссөздердің қорытындысында екі елдің мемлекет басшылары бірлекен мәлімдемеге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Ташкенттен.

Мұнан бөлек,  су қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жол картасын ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Мамин мен ӨР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Раматов рәсімдеді. Сонымен қатар олар қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасындағы өткізу пунктерін, автомобиль жолдарын қайта құру, жаңғырту және  іргелес аумақтарды абаттандыру жөніндегі жол картасын  бекітті. 

Ал ҚР Қаржы министрлігі мен ӨР Мемлекеттік кеден комитеті арасындағы контрабандамен және кеден заңнамасын бұзумен күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге ҚР Қаржы министрі Б.Сұлтанов пен ӨР Мемлекеттік кеден комитетінің төрағасы М.Тохири, Қазақтан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық туралы  келісімге ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұлов пен ӨР Қорғаныс министрі А.Азизов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ пен «Өзбекстан темір жолдары» АҚ арасындағы  стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге «ҚТЖ» президенті Қ. Алпысбаев пен «ӨТЖ» басқармасы бастығының бірінші орынбасары А.Шукуров қол қойды.

Сонымен қатар екі елдің өңіраралық ынтымақтастығын дамытуға  бағытталған құжаттар да рәсімделді. Атап айтқанда, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қызылорда облысы мен Новои облысы, Оңтүстік Қазақтан облысы мен Ташкент, Сырдария Джизақ облыстары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар жасалды. Меморандумдарға аталған өңірлердің әкімдері қол қойды.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келген болатын. Сапар аясында Елбасы «Төле би мавзолейіне», «Тәуелсіздік және гуманизм» монументіне, сондай-ақ Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімов ескерткішіне гүл шоғын қойды. 

Соңғы жаңалықтар