Қазақстан мен Өзбекстан басшылары бір-бірін дипломатиялық қатынастардың мерейтойымен құттықтады

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғанына 25 жыл толуына орай екі мемлекеттің басшылары бір-біріне құттықтау жолдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі ӨР СІМ ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тарихи тұрғыдан алғандағы қысқа кезеңінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгені айтылады. «Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстан саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың үлгілі моделін көрсетіп, бүкіл Орталық Азия өңірінің одан әрі дамуына кепілдік беретін берік негізді қалыптастыруда. Ағымдағы жылы Сіздің Астанаға жасаған сапарыңыз және менің Ташкентке жасаған сапарым елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге елеулі үлес қосты. Олардың қорытындылары біздің қарым-қатынастарымыздың көкжиегін айтарлықтай кеңейтіп, біздің күн тәртібіміздегі жаңа басымдықтарды белгілеп берді», - делінген Елбасының құттықтауында.

Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы табысты стратегиялық әріптестік алдағы уақытта және болашақта ғасырлар бойы достық пен келісім негізінде өмір сүріп келе жатқан халықтарымыздың игілігі жолында қарқынмен дамитынына» нық сенім білдірді.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғанына 25 жыл толуына орай жолдаған құттықтауында «осынау тарихи маңызды оқиға Мәңгілік достық және Стратегиялық әріптестік туралы келісімдердің ережелері негізінде елдеріміз арасындағы достық пен тату көршілікті нығайтуға, өзара тиімді әрі көпжоспарлы ынтымақтастықты қарқынмен дамытуға берік іргетас қалағаны» айтылады. «Биыл жоғары деңгейде өткен табысты кездесулер мен келіссөздер өзбек-қазақстандық қарым-қатынастарды түбегейлі жаңа сапалық деңгейге шығаруға мүмкіндік берді, нақты іс жүзіндік мазмұнмен толықтырды. Сәтті әрі табысты ынтымақтастықтың қол жеткізілген қазіргі деңгейі Өзбекстан және Қазақстан бауырлас халықтарының мүдделеріне және Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз етуге толық сәйкес келеді», - делінген құжатта.

Өзбекстан басшысы «өзара ынтымақтастықты алдағы уақытта да барлық жағынан, соның ішінде халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында белсенді түрде кеңейту және тереңдетуге» ниетті екенін білдірді. Оның айтуынша, «Бұл, шүбәсіз, елдеріміз бен халықтарымыздың арасындағы достықты, тату көршілікті және әріптестікті дәйектілікпен нығайтуға жағдай жасайды».

Соңғы жаңалықтар