Қазақстан мен Орталық Азиядағы мұсылман үмбетінің тұтасуы үшін Ханафи мазһабының маңыздылығын өзектендіре түсу қажет - дінтанушы Б.Сатершинов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні діни ахуал елдегі ең өзекті мәселелердің қатарында. Діни білім, осы саладағы мемлекеттік саясат, қоғамның дінге деген көзқарасы туралы тақырыпты «ҚазАқпарат» агенттігі ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, доцент Сатершинов Бақытжан Меңлібекұлымен болған сұхбатта көтерген болатын.

-   Қазіргі кезде қазақ қауымында, әсіресе жастардың арасында, Ислам дінінің ішіндегі теріс ағымдарға еріп кететіндер көп. Бұның себептері неде?

     - Соңғы әлеуметтанулық зерттеулерге қарағанда, дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылар Қазақстандағы жалпы діндарлардың шамамен 4 %-н құрайды. Бұл бағыттардың үлес салмағы аз болғанымен, күшті белсенділіктерімен ерекшеленеді. Олардың басым бөлігі, дәлірек айтқанда, 80 %-ы жастар болып саналады. Дін ұстанудың, негізінде, рухани ізденістен туындайтыны түсінікті, дегенмен басқа да саяси, әлеуметтік-экономикалық мотивтерді аңғаруға болады. Діннің рухына терең бойламай, діндарлықтың практикасын сәнге айналдыру үрдісі де байқалады. Бұл жағдай ислам дінінің атын жамылған ағымдарға да қатысты. Мұндай теріс пиғылды (деструктивті) жат діни ағымдарға еріп кетудің бірқатар себептері болу мүмкін, атап айтқанда:

1) Кейінгі кеңестік елдермен қатар, Қазақстан тәрізді постсекулярлық қоғамдағы діни жаңғыру үдерісі барысында «дінмен әуестенудің балалық ауруы». Яғни жетпіс жылдық атеизм салдарынан тамыр үзілгендіктен, кез келген діни ұмтылыстың (оның ішінде сырттан енгізілген діни идеологияның да) құпталуы, қошталуы, қабылдануы, жұтылуы;

2) Дүниетанымдық плюрализм мен өтпелі кезеңдегі «құндылықтардың қақтығысуы» барысында, тұтынушы қоғамның заңдылықтарына, нарықтық қатынастарға, әлеуметтік ұстанымдарға төзе алмауы барысында адамның өзіне лайықты «психосфера» іздеп, оны дәстүрлі емес діни қауымдастықтар мен жамағаттан табуы;

3) Дәстүрлі діни сабақтастықтың үзілуі барысындағы діни сауатсыздық, инклюзивті дүниеқатынас пен позитивті әрекетке сүйенетін дәстүрлі дін институттарының қайта қалыптаса қоймауы;

4) Дәстүрлі емес діни ағымдардың, мысалы үшін мәзһабтарды теріске шығаратын «сәләфилік» топтардың миссионерлік қызметінің белсенділігі, олардың ақпараттық технологияны жетік меңгеріп, түрлі жағдайларға икемделе алуы, қоғамның осал сегменттерін тауып, олардың рухани, әлеуметтік-психологиялық, материалдық немесе қаржылық-экономикалық   және т.б. мұқтаждықтарын, талаптары мен талғамдарын өз ыңғайына қарай пайдалана білуі және т.б.    

-     Кейінгі кезде жастар діни білім алу үшін Египетке, Түркияға және тағы сол сияқты елдерге кетіп жатады. Сонда шет елдердегі діни оқу орындарынан білім алу біздің медреселердікінен артық па? Жалпы, Қазақстандағы діни оқу орындарының деңгейі қандай?

      Тарихқа үңілсек, Қазақстандағы діни оқу орындары оңтүстік аймақта көбірек шоғырланды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Орталық Азия аумағы бір діни-мәдени дәстүрді, бір Матуриди ақидасы мен Әбу Ханифа мәзһабын ұстанғандықтан, Самарқанд пен Бұқарадағы оқу орындарының маңызы зор болды. Жоғарыда айтылғандай, атеизм тұсында бұл білім беру жүйесіне, әсіресе ислам ағартушылығына, үлкен нұқсан келді де, ал тәуелсіздік тұсында бұл олқылықтың орнын толтыру шетелдік (Египет, Тунис, БАӘ және Сауд Арабиясы, Пәкістан, Түркия және т.б.) діни оқу орындары арқылы жүзеге асты. Бұл оқу орындарында, мысалы «әл-Азхар» университетінде, әркімді мәзһабына сай оқытқанымен, жергілікті діни дәстүрдің әсері болуы мүмкін. Біздің елімізде діни білім беретін медреселер, діни білім жетілдіру институты мен «Нұр-мүбәрак» университеті ашылды. Өткен жылы ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасы қабылданды.

Қазақстанда исламдық білім беру жүйесін қалыптастырып, Қазақстан мен Орталық Азиядағы мұсылман үмбетінің тұтасуы үшін ханафи мазһабының маңыздылығын өзектендіре түсетін оқу құралдарын, оқулықтар, бағдарламаларын құру қажеттілігі туындап отыр.  Әрине, қоғамдағы ресми түрде экстремистік ретінде танылмаған, діни плюрализм идеологиясы және зайырлылық қағидасы тұрғысынан ендірілген белігілі бір ағымдарға тыйым салу діни сенімді қудалау ретінде қарастырылуы мүмкін.  Осы бағытта ҚМДБ-на Дін істері Комитетімен келісілген зайырлылық, діндарлық өлшемдерін нақтылап алу, дін саласындағы құқық пен еркіндік, Қазақстандағы діни жағдай мәселелерін концептуалды тұрғыдан анықтайтын  саясат қажет. Күштеп тиым салу арқылы жаңа исламдық тәжірибе мен теорияны жасырын, астыртын түрде оқытуға тап боламыз, ал кейін мұндай жағдайды бақылау қиындыққа соғады. 

-    Жаңағы бір сөзіңізде мұсылман үмбетінің тұтасуы үшін Ханафи мазһабының маңыздылығын өзектендіре түсу қажет деп қалдыңыз. Осы орайда, Әбу Ханифа мәзһабының ерекшеліктерінен оқырманымызды қысқаша хабардар етсеңіз?

          Қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-мәдени, құқықтық және діни саясаты үшін ханафи мзһабының  инклюзивтік дүниетанымы мен сұхбаттық дискурсын ашып көрсету өзекті әрі маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Сүннет бағытындағы өзге мәзһабтарға қарағанда, ханафи мәзһабы исламның классикалық дәстүрімен қатар, белгілі бір аймаққа дәстүрлі саналатын «әл-урф»  жергілікті әдет-ғұрыптар дәстүрін біріктірген  сұхбаттық ислами доктрина болып табылады. Сондай-ақ, оның  діни мұра мен догмалық дәстүрді сақтаумен қатар, қазіргі заман мәселелерін де назардан   қалдырмай, заманауи дискурсқа қатынасатын диалектикалық мүмкіндігі бар.

-     Кейбіреулердің айтуынша, ұлттық дәстүрлеріміздің дінге қайшы келетін тұстары көп екен. Бұл шындық па, ал егер шындық болса, не істеу керек  өйткені, қазақтыкін менсінбей, арабтыкіне еліктеген жастар аз емес.

       Шет жерден келген кейбір исламдық ағымдардың қазақы дәстүрге қатысты теріс пікірлер айтып жүргенін құлақ естіп, көз көріп жүр. Мұның шындыққа қаншалықты жанасып-жанаспайтынын ханафилік мектептің жоғары мораль мен иләһи адамгершілікке негізделген әдіснамасы мен «имандылықтың» қазақша түсінігін салыстыру арқылы көз жеткізуге болады. Сүннеттік пайымдағы исламның биік мораль мен иләһи адамгершілікке негізделген ұстыны өз мағынасында «адамшылықты, ар-ұят, моральдық тазалық пен асқақты» білдіретін «имандылықтың» қазақы түсінігімен ұқсас. Әбу Ханифа мәзһабы негізгі діни қайнаркөздерден кейін, шариғатқа қайшы келмеген жағдайда, дәстүрмен әдет-ғұрыпты әдіснамалық басшылыққа алады. Мәселе үкімнің әрпімен қатар, рухына терең үңілуде болып отыр.

-      Діни сауаттылықты жоғарылату керек деген әңгімелер бар, ал оны қалай жоғарылату керек, егер де мектепте, басқа оқу орындарда, заң бойынша, дінді насихаттауға болмаса? Бұл жерде БАҚ-тардың рөлі қандай болу керек? Зайырлы қазақстандық қоғам үшін діни сауаттылық пен исламдық идеология қажет пе?

        Мұндай идеология қазақстандық мұсылман үмбеті мен азаматтық қоғамның кей бөлігіне қажет деген сұрақтар туындайды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында өткізілетін дінтану пәні зайырлы сипатта болуы керек. Деструктивті ағымдарға қарсы тұру үшін исламдық идеология қажет дегеннің өзінде де, ол бойында рационализм мен  бейімделгіш тетіктері бар Матуриди ақидасы мен Ханафи мәзһабының доктринасы болу керек. Діни тоталитаризм еркіндік пен шығармашылықты тежейді. Діни білім беру  бұл белгілі бір дінді, дәстүрді, догматтарды оқыту дегенді емес, адамның өмірдегі адамгершілік әлеуетін арттыру дегенді де білдіреді. Исламдық білім мұсылманды сауаттандыруды мақсат етіп отыр. Мұсылман дегеніміз бұл ешкімге зиянын тигізбейтін, өз арымен, ниетімен, амал-әрекетімен үйлесімді өмір сүретін ахлақты бойына сіңірген, өзін исламмен байланыстыратын тұлға.

 

          БАҚ діни мәселелерді баяндау барысында толерантты ұстанымда болуы керек. Қазақстандық БАҚ-тың мінденттері шетелдік деректерден көшірілген интернеттік нұсқаны емес, толығымен тексерілген, анық-қанығына жеткен объективті ақпаратты жеткізулері қажет.  БАҚ өкілдері дінаралық шиеленістерді өршіте түспес үшін дін мәселесі жөнінде толығымен ақпараттанған, объективті білімдері болуы шарт.

-     Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар