Қазақстан мен ОА елдерінің шекарасында шешілмеген түйін жоқ - Елбасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Орта Азия елдерінің шекарасында шешілмеген түйін жоқ. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Орталық Азия елдері басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуі қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің елдеріміздің арасындағы келісілген ұстанымды әзірлеу үшін өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңесі аппараттарының арасындағы бесжақты тұрақты консультациялар механизмін бекітуді ұсындық», - деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Нұрсұлтан Назарбаев  ең бастысы Қазақстан барлық Орталық Азия елдерімен шекарасын демаркациялау бойынша шарттарды толығымен аяқтағанын баса айтты.

«Делимитация болды. Өзбекстанмен демаркация жасалды. Қазақстанның Түрікменстанмен, Өзбекстанмен арадағы түйісу нүктесі бар. Барлығына қол қойылды. Шекарада шешілмеген ешқандай мәселе қалмады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті шекара мәселесі түбегейлі шешілмеген кезде қақтығыстар орын алып, адамдардың қаза болғанын еске салды.

«Бұл өте маңызды сәт екендігін тағы да бір баса айтқым келеді. Делегация басшылары өңіріміздегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту процесін жеделдету қажеттігін қуаттады», - деді Елбасы.

Айта кетейік, Ақордада өткен кеңеске Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев және Түрікменстан Меджлис төрайымы А.Т.Нурбердыева ханым қатысты.

Соңғы жаңалықтар